Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Көктөбе тауы аумағында ағашты заңсыз кескені үшін жер телімі иесінің жауапкершілікке тартылғаны туралы айтты. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.
Бірнеше адам иелік ететін аумақта жасыл желектерді заңсыз кесу анықталған. Олардың біреуі белгілі болды және оған ҚР ӘҚ кодексінің 386 бабы бойынша 117 жасыл желекті заңсыз кескені үшін 15 АЕК (41 670 тг) айыппұл салынды. Сонымен қатар, абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін ол 50 АЕК (138 900 тг) көлемінде айыппұл төлейтін болды.
Он есе өтемдік отырғызу (1170 мың ағаш) белгіленді. Сонымен қатар, қойылатын талаптарға сәйкес жапырақ сұрыпты ағаштың биіктігі жер бетінен кемінде 3 м биік болуы тиіс. Бұдан өзге, екі жыл қатарынан ол ағаштарды күтіп-баптауы қажет. Өтемдік отырғызу күз мезгілінде орта мектептердің жанына және көшелер бойына ағаш отырғызумен басталады. Қураған ағаштардың орнына жаңалары отырғызылады.
Ағашты заңсыз кескен адаммен хаттаманы толтырған кезде өтемдік отырғызу және жасыл желекке екі жыл қатарынан күтім жасау туралы белгілі бір ұйыммен кепілдеме жасалады және кепіл хат беріледі.
Жасыл желекті заңсыз кескен жер телімдерінің иелері анықталуда.
«Ағашты заңсыз кесу және жасыл желекке зиян келтіретін проблеманы жұртшылықты кеңінен тарта отырып шешетін боламыз», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.
Ағаштарды заңсыз кескендерді, олардың түбіне, діңгегіне зиян келтіргендерді анықтайтын «Жасыл бақылау» жобасы қолға алынады және заңсыз әрекеттерге мониторинг жүргізіледі.