«Макинск құс фабрикасы» өндірістік қуаттылықты екі есе арттырады

Жарияланды
Көп ұзамай елімізде жылына 175 мың тонна өнім шығаратын жаңа 12 құс фабрикасы жұмыс істей бастайды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров Ақмола облысына жұмыс сапары аясында «Макинск құс фабрикасы» ЖШС бройлер құс фабрикасында болды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Telegram каналы хабарлады.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС – құс етін өндіру саласындағы импортты алмастыру бойынша іске қосылған ауқымды жоба.

2018 жылы Ақмола облысының Бұланды ауданында жалпы қуатылығы 25 мың тонна құс шаруашылығы кешенінің 1-ші кезегі пайдалануға берілді. Ал 2020 жылдың соңына дейін инвесторлар қуаттылығы ұқсас 2-ші кезектің құрылысын аяқтауды жоспарлап отыр. Осылайша, «Макинск құс фабрикасы» ЖШС өндірістік қуатын жылына 25 мың тоннадан 50 мың тоннаға дейін арттырады.

Ағымдағы жылы бройлер өсіру үшін әрқайсысы 12 құс қорасынан (1 құс қорасы – 2000 м2) тұратын 4 алаң салынады. Сондай-ақ, инкубатор, жемшөп цехы, құс етін өңдеу зауыты және ет-сүйек ғимараттары қажетті технологиялық жабдықтармен толық жарақтандырылды. 2020 жылдың 1 тоқсанында 2,4 млрд теңге игерілді. Жобаның жалпы құны – 14,9 млрд теңге.

Сонымен қатар, кәсіпорын директоры Евгений Проскуриннің айтуынша, жобаның 3-ші кезегі аясында – «жылына тірі салмақта өнімділігі 60 мың тонна бройлер өсіретін құс фабрикасын салу».

Кәсіпорынның өнімі толық көлемде ішкі нарыққа сатылатынын атап өту қажет, бұл Қазақстанның құс етіндегі импортқа тәуелділігін төмендетуге және ішкі нарықты қанықтыруға мүмкіндік береді.

«Макинск құс фабрикасы» ЖШС жобасының мультипликативтік әсері бар. Өндіріс қуатын біртіндеп арттыру өсімдік шаруашылығының дамуын және аралас салаларда жұмыс орындарын құруды ынталандырады. Құрылыс кезеңінде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылды, 2-ші кезекті іске қосқаннан кейін кәсіпорын тұрақты 455 жұмыс орнын ашады.

Айта кету керек, Қазақстанда импортты алмастыру бойынша міндеттерді іске асыру аясында 2020 жылы 8 құс фабрикасы пайдалануға беріледі. 1-ші жартыжылдықта 2 құс фабрикасы ашылды – «Шымкент құс» ЖШС (Түркістан облысы) және «КазАгрос» аумақты-өндірістік кешені (Қостанай облысы).

Қалған 6 құс фабрикасы жыл соңына дейін іске қосылады.

Осылайша, жақын уақытта республикада жалпы қуаты жылына 175 мың тонна өнім шығаратын жаңа 12 құс фабрикасы жұмыс істей бастайды. Бұл құс етіне деген импортты алмастыру мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз