Франчайзинг дегеніміз не? Франчайзинг елге қандай пайда әкеледі?

Жарияланды
Экономист кәсіпкерлер жіберетін қателіктерді атады

Кәсіпкерлер франчайзингтің не екенін біледі, бірақ қалай жұмыс істейтінін білмейді.

Орта және шағын бизнес секторының біразы – франчайзингтік бизнеске жатады. Бірақ кәсіп иелерінің көбі франшизамен айналысып жүргенін білмеуі де мүмкін. Осы жайында Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықовпен сұхбаттастық. 

– Франчайзинг нарығы пандемиядан көп зардап шекті ме? Осы жағын тарқата айтып берсеңіз? 

– Мейрамхан, кафе, туризм, яғни, қызмет көрсету саласындағы кәсіптер қиын жағдайды бастан кешіп жатыр. Біразы табыстарының 80 пайызын жоғалтты. Тек жеткізу қызметімен айналысқандардың жұмысы карантин кезінде тоқтаған жоқ. Сондықтан оларда сәл қаражат бар деп айтуға болады. 

– 2 жыл бұрынғы сұхбатыңызда «франчайзинг нарықтың бір бөлігі де бола алмайды. Елдегі оның айналымы – ЖІӨ-нің 20 пайызы» деп едіңіз. Одан бері франчайзингтің әлеуеті артты ма, цифрлар өзгерді ме?

– 2019-да ол көрсеткіш 25-26 пайыз төңірегіне жетті деп ойлаймын. Бірақ 2020 жылдағы жағдайы туралы айту қиын. Біріншіден, биыл өте күрделі жыл болып жатыр. Екіншіден, біз нарыққа анализ жасай алмадық. 

– Қазір франчайзинг сегментіндегі ең белсенді әрі табысты бизнес деп қайсын атар едіңіз? 

– Мейрамхана әрқашан сұранысқа ие. Бізде бәрі люкс болып кеткен. Яғни, бизнестің бәрі қымбат формат. Мысалы, «Макдональдстың» өзін арзан формат деп айта алмаймыз. АҚШ-та ақшасы жоқ адамдар «Макдональдсқа» барса, бізде ақшасы бар адам ғана «Макдональдсқа» бара алады. Сондықтан бізде кез-келген формат қымбат болып кете береді. Меніңше, келешекте демократиялық форматтар өмір сүреді. Клиенттің алдында құрдай жорғалап, солардың қажетін мейлінше жылдам әрі сапалы өтейтін компаниялар алға озады. Әлемде атағы зор брендтердің бәрі қиындықтардан өткен. Олар жарты жолда сынып кетпей, қазіргі деңгейіне жетті. Ал бізде кәсіпкерлер мейрамхана ашып, оның жұмысын ары кетсе 5-6 жыл жүргізіп, сосын жауып, басқа бренд ашып кетеді. Яғни, олар тез пайда тауып, соның ақшасын басқа бизнеске салғысы келіп тұрады. 

– Қазақстандық кәсіпкерлер франчайзингтің не екенін түсініп, оны дамыта алып жатыр ма?

– Жыл сайын біз түрлі көрме, форум, семинар өткіземіз. Жазбалар жариялаймыз. Жастар көп нәрсені бізден жақсы біледі. Сондықтан франчайзингтен көп адамның хабары бар. Бірақ оның қалай жұмыс істейтінін біле бермейді. Бұл тұрғыда біз, яғни, қауымдастық көмек береміз. 

– Франчайзингтің не екеніне қатысты қысқаша түсінік берсеңіз?

– Ол – әйгілі компанияның сауда белгісін алып, сол бойынша сауда жүргізу. Басты талап – франчайзингті сатып алушы тарап бизнесті тап солай үздік жүргізу керек. Оның ішіне – қызмет сапасы, тауар түрі, өнім сапасы, қызметкерлер этикасы, бәрі кіреді. Франшизаны сатып алған соң компанияның түсі (қызыл ма, сары ма), стилі бәрі сақталады. 

– Елімізде франшиза сатылымы бойынша қандай үздік компания мен брендтерді айтып бере аласыз ба?

– Ұлттық франшизалар арасында ең белгілі бренд – «Айкүне». Ол қазақ гимнастикасы бойынша жұмыс жүргізеді. Қазақстанда осы брендтің 50-ге жуық франшизасы бар. Соңғы кездері Ресейде, Украинада да таныла бастады. Одан кейін –  «Олимп» диагностикалық клиникасы. 

– Компания өзінің франчайзингке дайын екенін қалай біледі? 

– Егер одан бір кәсіпкер келіп «сіздің франшизаңызды алғымыз келеді» деп сұраса, міне осы – ең алғашқы белгісі. Яғни, компания өз брендіне қызығушылық тудыра алып отыр. 

– Көбіне ірі компаниялар емес, шағын кәсіпорындар франшизасы жиі сатылады екен. Оның себебі неде?

– Франчайзинг секторының мүшелерінің 95 пайызының өзі – шағын кәсіп иелері. Өйткені, шағын бизнесті жеңіл көшіруге болады. Мысалы, «Рахат» зауыты – өте ірі компания. Оның қаншама технологиясын, процестерін дәл сол секілді етіп көшіріп, жұмыс істеу өте қиын. Ол үшін аса үлкен көлемдегі ресурс керек. Ондай ресурс екінің бірінде бар деп айтуға келмейді. Одан да пицца немесе гамбургер сатылымы бойынша франшизаны көшіріп, бизнес жасауға болады. Не болмаса, білім жетілдіру саласы бойынша белгілі брендтердің франшизасын ашып, дамытуға болады. Олар аса қымбатқа түспейді. 

– Франшизаны сатып алушы тарап әлгі брендке жыл сайын белгілі бір өтемақы төлеп отыра ма? Әлде бір рет жалға алу құнын төлеумен іс біте ме?

– Әр компания әртүрлі келіседі. Роялти және паушалды төлем деген бар. Паушалды төлем – сатып алған кезде бір мәрте ғана төлейсің. Роялти – ай сайын сауда айналымынан белгілі бір пайызын төлеп отыру. Бірақ көбі роялтиге қызықпайды. Себебі, ол кезде төленетін салық көлемі артып кетеді екен. Сондықтан тараптар үшін паушалды төлем ыңғайлы. Сауда брендінің 5 жылға лицензиясын сатып алып, бір мәрте ғана төлейді. Сол аралықта бірер мәрте сатып алушы тарапқа келіп тренинг өткізеді. Сол кезде тағы да төлем жасайды. Болды. 

– Франчайзингтің дамығаны Қазақстанға не береді?

– Франчайзинг – өркениетті бизнес; салыққа ашық бизнес; көлеңкелі емес. Бұл тұрғыда мемлекетке келер пайда көп. Франчайзинг алдау-арбауды көтермейтін, таза бизнес. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Франшизаны шын мықтылар сатып алады. Сапа тұрғысынан ұятқа қалмайды. Егер отандық өнім жақсы дамып, франшизасы көбейсе, бұл табысты экспортқа айналады. Айтып отырған осы факторлардың дамығаны елге үлкен пайда болмақ. 

– Карантиннен соң елдегі экономикалық ахуал қалай өзгеруі мүмкін?

– Болжам айту өте қиын. Алайда әр дағдарыстың өзіндік мүмкіндіктері бар. Осы кезде әлеуметтік бизнестер дами түсті. Мысалы, бізде мүгедек жандарға көп көмек керек. Олар бизнес арқылы өз-өзін сауықтырады әрі дамыта алады. Бизнес бағыты сол жаққа қарай бұрылып жатыр. Сосын отбасылық бизнестер жанданып жатыр. Одан кейінгі қарқынды дамушы сегмент – IT. Қазір бәрі жаппай онлайн процестерге көшуде. Бұл қаласын-қаламасын отандық IT салаға ерекше серпін береді. Осы кезге дейін қаншама қажетсіз іс-шаралар мен конференциялар өткізген едік. Енді одан да тыйылдық. Мемлекет қаржысын үнемдеу керек екені анық сезілді. Бұл да біздің мемлекетке жақсы сабақ болды. 
 

Сондай-ақ оқыңыз