Ресурстар

Ел мүддесімен үндес жобалар

Қазақ радиосында жаңа маусым

Қазақ радиолары серіктестігіне қарасты радиоарналар тыңдармандарды жаңа маусымда тың жобалармен қуантпақ. Қыркүйектен бастап Қазақ радиосы, Астана радиосы, Шалқар радиосы және Классик радиосы әуе толқынынан 30-ға жуық жаңа радиохабар шығады. Бұл туралы «Қазақ радиолары» ЖШС хабарлады.

Жаңа маусымда Қазақ радиосы ақпараттық-танымдық бағытқа, Шалқар радиосы ұлттық контентке басымдық береді. Бұл былтыр басталған жұмыстың жалғасы және күзгі маусымда ашылатын жаңа хабарлар осы форматқа лайықталып ашылған.

Қазақ радиосынан тыңдармандарға түрлі сала бойынша кеңес беретін,«қоғам үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған интерактивті хабарлар ашылады. Мәселен, «Ақша мәселесі» хабарында – мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламаларының тетіктері мен ақшаны банк депозиттерінде дұрыс сақтау, баланың білім алуына осы бастан қаржы жинау, қаржы пираммидаларына алданудан абай болу жолдары тыңдарманға жан-жақты түсіндіріледі. Ал «Жан әлемі» жаңа хабарында коронавирус пандемиясына байланысты немесе тұрмыстық проблемалармен психоэмоционалды күйзеліске түскен тыңдарманмен психолог маман тілдеседі.

Бұдан бөлек тыңдармандарға заңгер мен дәрігер кеңесі, ауылдағы кәсібін кеңейтемін деген шаруаларға аграрлық саладағы мемлекеттік қолдау тәртібін түсіндіретін интерактивті радиохабарлар эфирге шығады. Алтын қордан Айтыс, әуезді әуен, жедел жаңалық, саяси сұхбат және жылдар бойы халық жадында қалған хабарлар да жалғасын табады.

Ал Шалқар радиоарнасынан қыркүйек айында ұлттық руханият бағытындағы жаңа 12 жоба әуе толқынына шығады. Оның ішінде Абай Құнанбайұылының 175 жылдығына арналған «Абай ұлағаты», Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы қарсаңында трактаттары негізінде әзірленген аудиороликтер, театр өнері жайлы «Сахна», музейлер мен қолөнер туралы «Жәдігер», халық музыкасына арналған «Ән шашу» радиохабарлары бар. 

Жаңа маусымның тағы бір жаңалығы Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы эфирге жаңа аудиобезендірумен шығады. Әр радиоарнаның тек өзіне тән ерекшелігі болып саналатын эфирдегі джинглдар мен сағат басында соғатын аудиороликтер төл туынды ретінде қайта жасалған. Мысалы, Қазақ радиосының эфирі белгілі композитор, «Балалық шағымның аспаны», «Абай», «Мұстафа Шоқай», «Әбілқайыр», «Алдар Көсе», «Шал» секілді үздік кинофильмдері саундтрегінің авторы, философия-психологиялық бағытта ерекше мелодиялық стилі бар Қуат Шілдебаевтың туындыларымен безендірілді. 

Ал Шалқар радиосының эфирін белгілі сазгер Халық Ризабек жетіген, сырнай, қобыз секілді ұлттық аспаптар арқылы жазып алынған эксклюзивті аудиороликтермен әсемдеді.

Астана және Классик радиоарналары да күзгі маусымда өз тыңдармандарына Елорда өміріне қатысты жаңа жобалар мен академиялық музыкаға қатысты, Абайдың ән мұрасына қатысты радиохабарларды әуе толқынына шығарады. 

Жаңа маусым қарсаңында студиядағы микрофондар мен диктофондар да алғаш рет радио стилінде безендірілді. Сондай-ақ Қазақ радиосының Алматы студиясы бейнекамералармен жабдықталады. Бұл студиядан тікелей эфирде шығатын хабарларды радионың әлеуметтік желідегі парақшаларынан көрсетуге мүмкіндік береді.