Елімізде дәнді және бұршақты дақылдарды жинау аяқталуға жақын
Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталуға жақын. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлайды.
Тамыз айының соңында Жамбыл облысында егін жинау жұмыстары аяқталды. Биыл Әулиеата өңірінде 359,3 мың га жерге дәнді және бұршақты дақылдар егілді. Аймақ диқандары 816,6 мың тонна бастырды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 136 мың тоннаға артық. Бұл жетістікке жамбылдықтар егіс алқабын 26 мың гектарға кеңейту және гектарынан 22,7 центрге дейін шығымдықтылықтың ұлғаюына байланысты жетіп отыр.
Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында алқаптардың 95%-дан астамы жиналды. Өткен жылы осы күні осы өңірлерде егістіктің 75%-на жуығы жиналған еді.
Қазіргі уақытта БҚО-да орташа өнімділік гектарына 11,3 ц, Түркістан облысында гектарына 23,8 ц деңгейінде.
Алматы облысында егіс алқаптарының жартысынан көбі жиналды. Басқа өңірлерде – Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бүгінде егін алқаптарының 23-43% жиналды.
Жалпы республика бойынша 5,8 млн гектардан астам дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Бұл барлық жинау алаңының 37,3% құрайды. Орташа өнімділік 12,2 ц/га құрайды.