Павлодар қаласының тұрғыны Күләш Далабай тоқсаныншы жылдардан бастап киім-кешек сатып, нәпақасын тапты. Қырғызстаннан әкелген тауарларын көше бойында сатылымға шығарып, өткен-кеткен адамдарға ұсынды. Туған-туыс, тамыр-таныстар арқылы ауылға да жеткізіп тұрды. Пандемияның салдарынан бұл кәсібі тоқтап, табыссыз қалды. Сол кезде бизнесін заманауи талаптарға сай икемдеу туралы идея туды.
«Қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында далада киім сату оңай емес. Күнкөріс қамы үшін қиындықтарға шыдап, сауданы бір сәтке де тоқтатқан емеспін. Бірақ коронавирус пандемиясы жоспарымды түбегейлі өзгертті. Тұрақты табысымнан айырылып, енді қайтіп күн көрерімді білмей қалдым. Сөйтіп, жұмыспен қамту орталығына барып, ондағы мамандар «Бастау» жобасының курсынан өтуге жолдама берді», – дейді Күләш Далабай.
Айта кетейік, биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау» жобасына қатысушылар алғаш рет кәсіпкерлік негіздерін онлайн режимде үйренді. Бизнес-тренерлер сабақты «Atameken Academy» платформасында өткізді. Оқудың алғашқы легіне 724 павлодарлық қатысып, бизнес бастауды білді. Жалпы осы жылы Павлодар облысында барлығы 1300-ден астам тыңдаушыны оқыту жоспарланған.
Күләш Далабайдың айтуынша, бизнес-тренер Райхангүл Абраева әр қатысушының сұрақтарына тұшымды жауап беріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, жоба жасауға көмектесті. Ол алған білімін пайдалана отырып, кәсіп жүргізудің тиімді әрі ыңғайлы жолын тауып, интернет-дүкен ашты. Енді киімдерді бұрынғыдай далада емес, әлеуметтік желі арқылы сатады.
Кәсіпкер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Дүкен ашу үшін құны 8 млн теңге болатын коммерциялық нысанды тауып қойды. Ал оны сатып алуға қажет қаражатты «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы алмақ.
«Бұған дейін кәсібім үшін бірнеше рет несие алайын деп оқталған болатынмын. Бірақ екінші деңгейлі банктердегі 16-18 пайыздық мөлшерлемені менің қалтам көтермейтін болды. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкер несиенің 6 пайызын ғана төлейді екен. Қалғанын мемлекеттің өзі өтейді. Бұл – өте тиімді. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, жеке ғимарат сатып алып, өз дүкенімді ашсам деймін», – деген жоспарымен бөлісті Күләш Далабай.