Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жолдауында ел азаматтары өз зейнетақы жинақтарын пайдалану керектігін қадап айтты. Президент сөзінше, 2021 жылы 700 мың салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаражатының бір бөлігін алмақ. Олар бұл қаржыны баспана алуға, емделуге жұмсауы тиіс.
«Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп жыл соңына дейін барлық нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
3 қыркүйек күні еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қордағы қаржыны пайдалану бойынша жаңа талаптарды түсіндірді.
«30 жастағы азамат қордағы қаржысының бір бөлігін пайдалана алуы үшін жинаған аударым мөлшері 2 млн 518 мың теңге болуы керек. 35 жастағылар үшін – 2 млн 961 мың; 40 жас – 3 млн 437 мың; 45 жас – 3 млн 947 мың; 50 жас – 4 млн 495 мың; 55 жас – 5 млн 084 мың; 59 және одан жоғары жастағылар үшін 5 млн 586 мың теңге болуы тиіс»,- деді Біржан Нұрымбетов.
Бұл жерде бір түсіну керек жәйт бар. Жоғарыда көрсетілген ақша мөлшері – сіз қажетті ақшаны алғаннан кейін қорда қалуы тиіс қаражат көлемі. Яғни, зейнетақы қорындағы ақшаңыздың бір бөлігін алу үшін, шотта жоғарыда көрсетілгендей (жас мөлшеріне сай) қаржы жиналып тұруы тиіс. 30 жастағы азамат шотта 2 млн 518 мың теңгесін қалдырып, оның үстіндегі қаражатты әлеуметтік мақсатта жарата алады.
Бұл ретте азаматтар алдымен қорда қанша қаражат жинағанын көргісі келетіні белгілі. Оны білудің бірнеше жолы бар. Алғашқысы – БЖЗҚ ресми сайтына кіріп, тапсырыс беру. Сайтқа кірген соң «Электронды қызмет көрсету» бөлімін, одан әрі «Жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірмені E-MAIL арқылы алу» бөлімін таңдайсыз. Алдыңыздан мынадай терезе ашылады:
Тиісті бағандарды толтырып, «жіберу» батырмасын басасыз. Бәрі дұрыс толтырылған жағдайда сіздің почтаңызға өзіңіз күткен мәлімет келіп түседі. Алайда қазір көптеген адамдардың осы қызметті жаппай тұтынуы себепті, БЖЗҚ сайты өте жәй жұмыс істеп тұр. Сондықтан бұл жағдайда «Азаматтарға арналған үкімет» порталы арқылы тапсырыс беру әлдеқайда жеңіл әрі ыңғайлы болмақ. Ол үшін egov порталына ЭЦҚ кілтіңіз арқылы кіресіз. Бұл электронды үйде отырып қалай алу керектігін осыған дейін жазған болатынбыз. Ол материалмен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.
Порталға кіргеннен кейін «Қызметтер» бөлімінен «Әлеуметтік қамтамасыз ету», оның ішінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшысының (алушысының) зейнетақы жинақтарының (инвестициялық кірістерін ескере отырып) жай-күйі туралы ақпарат беру» қызметін таңдайсыз. Ашылған терезеден «Онлайн сұрауды» басасыз.
Бірінші қадамда «Қол қою және анықтама алуды» басасыз. Сондай-ақ батырманы баспас бұрын еңбек еткен уақыт кезеңін көрсетуіңізге де болады. Баспай өтіп кетсеңіз де қателік емес. Жүйе өзі автоматты түрде есептейді.
Екінші қадамда қызметті алу үшін қол қоюыңыз керек. Бұл жағдайда көбіне СМС-құпия сөзін қолдану ыңғайлы. Яғни, жүйе сіздің телефон нөміріңізге код жібереді. Сол кодты енгізу қажет.
Үшінші қадамда жүйе сіздің өтінішіңізді қабылдап алып, өңдеуге жібереді. Әрі қарай жеке кабинетіңізге кіріп, келген хаттарды ашып көріп, жауап күтесіз. Шамамен 5-10 минут көлемінде сізге тапсырыстың орындалғаны жайлы хат келіп түседі.
Бекітілген файлдың үстін басу арқылы қажетті деректі PDF форматында жүктеп аласыз. Ол мынадай күйде ашылады.
Ішінен сіздің зейнетақы қорыңыздағы қаржы көлемі, оның жәй-күйі туралы толық мәлімет берілген.
Еске салсақ, осыған дейін сайтта «Зейнетақы қорындағы қаражатты кімдер ала алады?» тақырыбымен түсіндірмелік материал жарық көрді. Ол жерде қордағы қаражаттың алуға болатын бөлігі мен ала алатын азаматтар категориясына қатысты ақпаратты қарапайым тілде жазылған. Сонымен қатар белгілі экономист Мақсат Халық та Kursiv тілшісіне берген сұхбатында дәл осы тақырып төңірегінде пікір білдірген.