Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталады
«СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы тұмауға қарсы екпенің 2 млн-нан астам дозасын сатып алды. Бұл шамамен халықтың 11%-ын қамтуға жеткілікті. Сонымен қатар денсаулық сақтау басқармаларымен қосымша 753 900 дозаға тапсырыс берілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.
Елімізде тұмауға қарсы екпе 15 қыркүйектен басталады, яғни әдеттегі мерзімнен екі апта ертерек. Бұл эпидемиологиялық маусымда туындайтын тұмау секілді ауруларға қарсы мықты иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді.
Тұмауға қарсы екпенің күші 6 айдан 12 айға дейін сақталады. Маусымдық тұмауға қарсы халыққа екпе жасау үшін 5 мыңнан астам егу кабинеті дайындалды. Қосымша екпе салатын мамандар оқытылуда. 1 107 семинар жүргізілді. Нәтижесінде 7 мыңнан астам дәрігер мен 15 мыңға жуық кіші және орта буын қызметкер даярлықтан өтті.