1 қаңтардан бастап ұстаздар жалақысы артады. Мұғалімдер нақты қанша жалақы алмақ?

Жарияланды
Еңбекақыға 25 пайыз қосылады

Қазақстанда жыл сайын білім саласына, оның ішінде мұғалімдердің жалақысын өсіруге қаржы бөлініп келе жатыр. Бұл бастама 2021 жылы да жалғасатын болды. Тоқаев 1 қыркүйек күнгі жолдауында келер жылдың 1 қаңтарынан бастап ұстаздар еңбекақысының 25 пайызға өсетінін айтты. 

Осы орайда Kursiv тілшісі елімізде мұғалімдер жалақысы қай жылдан бері үздіксіз өсе бастағанын зерттеп көрмек. Экономистер мұғалімдер жалақысының өсуін құмға сіңген судай деп бағалайды. Олардың ойынша, елдегі жоғары инфляция әсерінен жалақының өскені еш байқалып жатқан жоқ. 

Ranking.kz сайтындағы дерекке сүйенсек, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша білім саласы қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы 154,6 мың теңге болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 40,6 пайызға көп екен. Инфляцияға байланысты  нақты өсім – 32,6 пайыз. Ал екінші тоқсан қорытындысы бойынша, білім саласындағы орташа жалақы 184,4 мың теңгені құраған. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 35 пайызға жоғары. 

Деректе саладағы ең төменгі жалақы мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінікі деп көрсетілген: 90,3 мың теңге. Бастауыш мектеп мұғалімдері – 137 мың, орта білім – 171 мың, жоғары білім мұғалімдері – 190 мың теңге алады. Статистика комитеті 2015 жылдан бергі білім саласы қызметкерлерінің I тоқсандағы орташа жалақысын жария еткен: 
2015 жылы – 73,9; 
2016 жылы – 88,5; 
2017 жылы – 91,8; 
2018 жылы – 95,5; 
2019 жылы – 109,9; 
2020 жылы – 154,6 мың теңге. 

2017 жылы білім және ғылым министрлігі Фейсбуктағы парақшасында әр жылдардағы мұғалімдер жалақысының өсу динамикасын жариялаған. Ондағы дерек бойынша 2012 жылы ұстаздардың орташа жалақысы 67,9 мың теңгені құраған. 

    2013 жылы – 69,5 мың; 
    2014 жылы – 74,8 мың; 
    2015 жылы – 77,5 мың; 
    2016 жылы – 99,1 мың теңге. Сондай-ақ 3 жыл бұрынғы ақпарда мұғалім жалақысына әсер ететін негізгі үш фактор деп – квалификация, еңбек өтілі және оқу жүктемесі көрсетілген. 

2019 жылы білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сенсек, былтыр мұғалімдер жалақысы үшін бюджеттен 109 млрд теңге бөлінген. «Әрі қарай бұл мақсатта жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі 234 млрд теңге болмақ» делінген хабарламада. 

Министрлік мәліметі бойынша: 

    Бірер жылдық жұмыс өтілі, жоғары білімді жас мұғалімнің жалақысы қалада – 78 560 – 95 819 теңге; ауылда – 95 166 – 116 740 теңге;

    Жоғары білімді, I категориялы, 13-16 жылдық жұмыс өтілі бар мұғалімнің жалақысы қалада – 94 214 – 111 473; ауылда – 111 473 – 136 307 мың теңге; 

    Жоғары білімді, II категориялы, 5-7 жылдық жұмыс өтілі бар мұғалімнің жалақысы қалада – 86 989 – 105 653; ауылда – 105 703 – 129 032 теңге; 

    Жоғары білімді, жоғары категориялы, 20-25 жылдық жұмыс өтілі бар мұғалімнің жалақысы қалада – 105 051 – 118 898; ауылда – 128 280 – 145 589 теңге; 

Сонымен қатар расталған квалификациясы үшін қызметтік жалақының 35-50 пайызы көлемінде қосымша төлем беріледі. 

    Жоғары білімді, II категориялы, 5-7 жылдық жұмыс өтілі бар, «педагог-модератор» квалификациясын иеленген мұғалімнің жалақысы қалада – 103 030 – 125 692; ауылда – 125 753 – 154 082 теңге: 

    Жоғары білімді, I категориялы, 13-16 жылдық жұмыс өтілі бар, «педагог-эксперт» квалификациясын иеленген мұғалімнің жалақысы қалада – 114 734 – 136 307; ауылда – 140 384 – 167 351 теңге; 

    Жоғары білімді, жоғары категориялы, 20-25 жылдық жұмыс өтілі бар, «педагог-зерттеуші» квалификациясын иеленген мұғалімнің жалақысы қалада – 131 598 – 149 402 теңге; ауылда – 161 464 – 183 719 теңге; 

    Жоғары білімді, жоғары категориялы, 20-25 жылдық жұмыс өтілі бар, «педагог-шебер» квалификациясын иеленген мұғалімнің жалақысы қалада – 138 235 – 157 028; ауылда – 169 761 – 193 251 теңге. 

Сондай-ақ аттестациядан сәтті өткені үшін де жалақыға үстеме қаражат қосылады. 2020 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында аттестация нәтижесі бойынша: 

    Мектепке дейінгі мекеме педагогтары; 
    Мектеп педагогтары; 
    Қосымша білім беру саласы педагогтары; 
    Кәсіби-техникалық білім беру саласы педагогтары; 
    Әдіскерлер
жалақысы 1 қыркүйектен бастап көтерілді. 

Бұған дейін аталған бес категорияға жататын қызметкерлер жыл сайын аттестациядан өтіп, соның ішінде тек мектеп педагогтарының ғана жалақысы үстемеленген болатын. Жоғарыда аталған «педагог-модератор», «педагог-шебер» категорияларын да алу үшін ұлттық квалификациялық тесттен сәтті өту керек. 

Алайда сарапшылар жалақының өсуі инфляция әсерінен мұғалімдерге пайда әкеліп жатқан жоқ дейді. Бұған қатысты экономист Рахым Ошақбаев мынадай уәж айтады. 

«Шын мәнінде мұғалім жалақысы өсіп жатқан жоқ, керісінше төмендеуде. Экономист ретінде бізді жалақының номиналды өсімін инфляциясыз декларациялау тәсілі таңғалдырады»,– деп жазады Ошақбаев. 

Сол 2017 жылы ұстаздар жалақысы 2012 жылмен салыстырғанда 33 пайызға өссе, азық-түлік бағасы 45 па    йызға өскен. Яғни, ұстаздар жалақысы инфляцияға ілесе алар емес. Одан бері де инфляцияның төмендегені шамалы. 2017 жылы инфляция мөлшері 7,1 пайызды құраған. Fitch Ratings  рейтингтік агенттігінің зерттеуінше, биыл инфляция 9 пайызды құрауы мүмкін. Экс-президент Назарбаев 2017 жылғы халыққа жолдауында «Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық» деп атай келе, «бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек» деген болатын. Уақыт өте келе Назарбаев айтқан межеге жете алмағанымызға көз жетіп отыр. 

Министр Асхат Аймағамбетовтың пікірінше, инфляция мұғалімдер жалақысына зиянын тигізбейді. 

«Педагог жалақысын төлеу жүйесі өте күрделі. БАҚ сұраған кезде орташа жалақы жайлы мейлінше абайлап айтуға тырысамыз. Педагогтарда 7 қосымша үстеме ақы түрі бар. Біреу сынып жетекшісі болғаны үшін, біреу дәптер тексергені үшін, ал енді бірі жоғары категориялы болғаны үшін алады» деген еді 2019 жылғы баспасөз мәслихатында. 

Қазір елімізде білім саласында қызмет ететін азаматтар саны 1 миллионнан асады. 

 

Сондай-ақ оқыңыз