1,2 мыңнан астам медицина қызметкері біржолғы төлем алды

Жарияланды
Сондай-ақ қайтыс болған 11 медицина қызметкерінің туыстарына төлем аударылды

COVID-19-бен күресуге тартылған 1 259 медицина қызметкері коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) берілетін біржолғы әлеуметтік төлемді алды. Сондай-ақ, МӘСҚ аурудың салдарынан қайтыс болған 11 медицина қызметкерінің туыстарына төлемдер аударды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлем төленетін медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері негізінде анықтайды. Өтінімдердің жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа беріледі, кейін төлем тағайындау үшін МӘСҚ-ға жіберіледі.

7 қыркүйек сағат 9.00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 1 259 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 11 медицина қызметкерінің өтініш бойынша ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды.

Өңірлер бөлінісінде медицина қызметкерлеріне COVID-19 немесе вирустық пневмонияны жұқтыру жағдайына төлемдердің ең көп саны Нұр-Сұлтан (251) және Алматы қалаларынан (139), Алматы (105), Қарағанды (97) және Ақмола (95) облыстарынан жүргізілді.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге  сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем:

– коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн. теңге;

– COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан,  вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн. теңге көлемінде төленеді.
 

Сондай-ақ оқыңыз