Қазақстанда азық-түлік өнімдері өндірісі 3,6%-ға артты

Жарияланды
1 229,3 млрд теңгені құрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтар-тамыздағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалу қорытындылары қаралды. ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде азық-түлік өнімдері өндірісі 3,6%-ға артқаны туралы баяндады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады. 

Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,9%-ға ұлғайып, 2,4 трлн теңгені құрады. 

Бұл өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 10,7%-ға ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді. Облыстар бөлінісінде 3 облыста республикалық деңгейден жоғары қарқын байқалды (Ақмола облысы – 119,2%, Солтүстік Қазақстан облысы – 110,9% және Қостанай облысы – 105,8%). 

Министр атап өткендей, биылғы егін жинау қарқыны өткен жылға қарағанда жоғары. Мәселен, бүгінгі таңда республика бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың шамамен 11,1 млн га алқабы немесе жиналуға тиіс алқаптың 70,2%-ы жиналды, ал өткен жылы осы кезеңде 5,3 млн га немесе жиналуға тиіс алқаптың 34,8%-ында егін жиналған болатын. Орташа түсімділігі гектарына 11,7 центнерден 13 млн тонна астық бастырылды. 

   «Мал шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі көрсетілген кезеңде 2,7%-ға ұлғайып, 1,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте тірідей салмақтағы ет өндіру көлемі 3,7%-ға, сүт 3%-ға ұлғайды», – деді министр.  

Көрсетілген мерзімде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсіп, 1 229,3 млрд теңгені құрады. Атап айтқанда, өңделген күріш өндіру көлемінің 61,1%-ға, шұжық өнімдерінің 22,8%-ға, сары майдың 12,9%-ға, құс етінің 12,3%-ға, жарманың 12,2%-ға, макаронның 8,4%-ға, ұнның 6,4%-ға, қышқыл сүт өнімдерінің 4,7%-ға, өсімдік майының 1,8%-ға артқаны байқалды. 

   «Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 9,1%-ға ұлғайып, 292 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 25,4%-ға артып, 54,7 млрд теңгені құрады», – деді Омаров. 
 

Сондай-ақ оқыңыз