Коронавирусқа қарсы қанша вакцина сатып алынбақ?
Елімізге COVID-19-ға қарсы шамамен 5,6 млн дана екпе керек. Бүгін үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сатып алынатын вакциналардың мән-жайын түсіндіріп өтті.
ДенМин басшысының айтуынша,Қазақстан тек орыс емес («Спутник V»), британ-швед (AstraZeneca) және отандық ғалымдар (QazCovid-in) жасап жатқан вакцинаны алмақ. Егер шетелдік екпелер сынаманың үшінші сатысынан өтсе, қазақстандық вакцина тек бірінші кезеңде тұр.
«Ковидке қарсы екпеге деген қажеттілікті ел бойынша қамтамасыз ету үшін екпе алуы тиіс, қауіп-қатер жоғары топтарды анықтадық. Бұл – жасы 60-тан асқан, созылмалы ауруы бар жандар, медицина қызметкерлері, мұғалімдер. Алдын ала есеп бойынша, 2,8 млн адам немесе ел халқының 15 пайызы екпе алуы керек. Егер екі рет салынатын болса, онда 5,6 млн доза екпе қажет», – деді Алексей Цой
Шенеуніктің айтуынша, қазіргі эпидемиологиялық кезеңде бірыңғай дистрбьютор ЖРВИ мен тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасының 2,2 млн данасын алған. Ол республика тұрғындарының 11 пайына жетеді.
«Әкімдер биылғы 15 қыркүйектен тұмауға қарсы егуді бастау бойынша шаралар қабылдауы керек. Бұдан бөлек, қызметкерлерді жұмыс берушілердің қаражаты есебінен тұмауға қарсы егу бойынша жұмыс жүргізілуі тиіс.Осы шаралар тұмауға қарсы екпемен қамтуды 14%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.