Қазақстан мектептері дәстүрлі форматқа қашан көшеді? Министрлік өзгерістің жай-жапсарын түсіндірді
Еліміздің мектептері биылғы жаңа оқу жылын қашықтан оқу форматында бастап кетті. Алайда пандемияға байланысты амалсыз қолға алынған тәсіл оқушыға да, ата-анаға да, ұстазға да оңай тиіп жатқан жоқ.
Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринованың айтуынша, қазіргі таңда дәстүрлі оқыту форматына ауыстырудың бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр.
«Шын мәнінде біздің ата-аналарымыз сияқты министрлік те мектептердің штаттық режимде жұмыс істегенін қалайды. Біз бірнеше нұсқа ұсындық. Әр өңірдегі жағдай әртүрлі. Біз өңірлік санитарлық дәрігердің келісімімен, жергілікті әкімдіктердің рұқсатымен мектептерді ашу туралы ұсыныс айттық. Менің ойымша, бұл ең дұрыс тәсіл. Сондай-ақ мектептердің жұмысын қайта бастауына байланысты шаралар ұсындық. Алайда оны қазір жария етпеймін. Бірінші кезекте, біз балалардың денсаулығы үшін алаңдаймыз. Сондықтан алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз»,- дейді вице-министр.
Сондай-ақ Қаринова онлайн оқудың қиындығын көріп жатқан көпбалалы отбасыларға да тоқталды.
«Көпбалалы отбасылардың бір уақытта бірнеше баланы оқытуына байланысты икемді сабақ кестесі жасалды және олар үшін үйінде компьютер болуы міндетті емес. Елімізде қолға алынған стримингтік және асинхронды сабақ беру әдістерін ата-аналар көп жағдайда шатастырып жатады. Қазір сабақтар негізінен асинхронды форматта өтіп жатыр. Бұл дегеніңіз – мұғалім интернет платформаларды қолдану арқылы тиісті тақырыпты түсіндіреді, тест және бекіту тапсырмаларын береді. Бұл жұмысты атқаруға компьютер қажет емес. Біз ондай талап қойып отырған жоқпыз»,- дейді министрлік өкілі.
Қаринова қазіргі эпидемиялық ахуалға байланысты мұғалімдерге көп мүмкіндік беріліп отыр деді. Яғни, ұстаздар оқу процесін өткізу форматын өздері таңдай алады.
«Алматы және Шымкент қалаларында (сондай хабар тараған) сабақты онлайн өтетін мұғалімді мектепке келуге міндеттеу фактісі расталса, біз ол фактінің әрқайсын жеке-жеке қарауға дайынбыз. Министрлік барлық оқу процесіне қатысты әдістемелік ұстанымдарды барша білім мекемесіне жеткізді. Мұғалімдердің білім ордасына келіп сабақ өтуіне де, үйінде отырып оқытуына да мүмкіндіктер жасалды. Мектептердегі интернет жүйесі жақсы және компьютер тапшылығы да жоқ. Үйренген дәстүрлі формат болғандықтан кей мұғалімдер мектепке келіп жұмыс істегісі келеді. Ал қинап мектепке келтіру дұрыс емес»,- деді ол.
Білім және ғылым министрлігінің еліміздегі сынға көп ұшырайтын ведомство екені жасырын емес. Басшылыққа Аймағамбетов келгелі де министрліктің «жақсылығы» мен «жамандығы» таразының екі басына кезек ауып жүрген. Десе де соңғы уақытта желі пайдаланушылары «осы министрді 30 жыл күттік» деп әспеттеп, жас министрдің бәсін арттырғандай көрінген. Арада көп өтпей желіде министрліктің қаражатты қаншалықты әділ жұмсап жатқаны жайлы дау көтерілді. Іле-шала мәжіліс депутаты Дания Еспаева министрден миллиардтаған қаражаттың есебін сұрап, депутаттық сауал да жолдап үлгерген. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында министрлік өкілдері бұл жағдайға қатысты да пікірі мен ұстанымдарын бүгіп қалған жоқ. Аймағамбетовтың алда бұл мәселеге орай өз жауабын айтары белгілі. Әзірге жиында сөз алған вице-министрдің пікірін ұсыналық.
Шолпан Қаринованың айтуынша, Дүниежүзілік банктің несие беруі жайлы шешім 2014 жылы қабылданып, жобаны 2018 жылы депутаттар қолдаған.
«Компьютерлерді сатып алу мәселесі 2021 жылға жоспарланған еді. Барлық бюджеттік қаражат 2021 жылы да қарастырылған. Жобаны жүзеге асыру кезінде біз бірінші кезекте осы жұмыстың контенттік бөлігін қамтамасыз етуді жоспарладық. Бұл білім беру мазмұны, білім сапасын жақсарту, бағалау, оқулықтармен, инклюзивті біліммен қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жақсарту. Барлық компоненттер іске асырылып, сатып алынған жабдықтармен қамтамасыз етілуге тиіс болатын. Бірақ пандемияға байланысты БҒМ шұғыл түрде компьютерлерді сатып алып, жеткізуге тырысты. Сондықтан компьютерлерді жедел түрде сатып алу үшін Дүниежүзілік банкке жүгіндік. Нәтижесінде, бұл қаражатты 2021 жылдан 2020 жылға ауыстыру үшін қосымша бюджет шығындары мен заңнаманы өзгертуге әкеп соқтыратын еді. Ал бұған 9 айдан 12 айға дейін уақыт қажет. Ал компьютерлерді 2021 жылдың наурыз айында ғана сатып алатын едік. Сондықтан министрлік компьютерлерді бюджет қаржысына сатып ала бастады. Бұл шешім қолдау тапты. Біз компьютерлік жабдықтарды сатып алуға және педагогтардың біліктілігін арттыруға қарастырылған қаражаттан бас тарттық»,- деп түсіндірді вице-министр.
Тағы бір вице-министр Бибігүл Асылованың айтуынша, E-learning электронды оқыту бағдарламасын қаржыландыру үшін 2010-2013 жылдары 36 млрд теңге жұмсалды. Ал 2016 жылдан бастап қаржыландыру толығымен тоқтатылған.
«Қаржының 28 миллиарды – жабдыққа, яғни жалпы білім беру процесінде пайдаланылған интерактивті тақталарға, компьютерлерге, серверлік жабдықтарға арналған шығыстар. Олар білім беру ұйымдарының балансында. Есеп комитеті тексеру жүргізді. Қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған жоқ»,- деді Асылова.
Ал шағын жинақты, ауылдық мектептерді жаңғыртуға бөлінген 27 млрд теңгені әкімдіктер үлестіріпті.
Еске салсақ, қазір еліміздегі оқушылардың 70 пайыздан көбі онлайн оқу форматында білім алуда. Үш мыңға жуық мектеп штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл – елдегі бүкіл мектеп санының 43 пайызы шамасында. Кезекші сыныптар барлық мектепте ашылған. Кезекші сыныпқа барған балалар саны – 547 мыңнан асады. Осы ретте оқушылардың 60 пайызы биыл 1-сынып табалдырығын аттағандар екенін де айта кету керек.