Жастар енді әскерге барудан жалтара алмайды. Жаңа электронды база қалай жұмыс істейді?
Күзде дәстүрлі әскерге шақыру маусымы басталады. ҚР қарулы күштері бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің басшысы Сәкен Жүсіповтың айтуынша, биылдан бастап арнайы электронды база жұмыс істемек.
Осылайша, мемлекет жастардың әскерге барудан жалтаруын тоқтатпақ. Яғни, әскери комиссариаттар жаңа электронды базаны қолдану арқылы әскерге шақырылушының тұрғылықты жерімен қатар жұмыс орнын да оңай анықтап алмақ. Саланы цифрландырудың арқасында елімізде әскерге барудан жалтару фактісін азаяды дейді.
«Медициналық комиссиядағы дәрігерлер әскерге шақырылған адамның барлық объективті шағымын да, объекивсіз шағымын да тексеріп қарайды. Сөйтіп, денсаулығында кінәрат бар шақырылушыны әскер қатарына қабылдау азаяды. Ал әскерге барудан жалтару жағдайы анықталса онда шақырылушы әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мәселен, жақында ғана Батыс Қазақстан облысында 2001 жылы туған әскерге шақырылушы әскери қызметтен жалтарғаны үшін Қылмыстық кодекстің 337-бабына сәйкес 200 сағат бойы қоғамдық жұмыстарға тарту жазасына кесілді»,- дейді Жүсіпов.
Күзгі әскерге шақыру маусымында ел бойынша 18-27 жас аралығындағы 17 мыңнан астам ер адамды әскерге шақыру жоспарланып отыр екен. Шақыру желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Қазіргі пандемия жағдайын байланысты республикадағы әскерге шақыру және жиын пункттерінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен шаралар күшейтілген. Осы жолғы әскерге шақырудың көктемгі шақырудан айырмашылығы – осы жолы денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар шақырылушылардың ПТР-тест тапсыруын ұйымдастыруы керек. ПТР-тест мына кездерде ұйымдастырылады және мынадай шаралар қабылданады:
- Әскерге шақыру кезінде және әскери бөлімдер мен жиын пункттерінде жас сарбаздар келгеннен кейін.
- Әскерге шақырылушылар мен медициналық комиссия мүшелері медициналық маска және бактерияға қарсы құралдармен қамтамасыз етіледі.
- Күніне кемінде екі рет барлық қызметтік және қосалқы жайларда, соның ішінде киім ауыстыратын бөлмелерді, асхананы және ұйықтайтын бөлмелерді қоса есептегенде, дезинфекциялау жүргізіледі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында кімдердің әскери қызметті кейінге шегеруге құқы бар екені де айтылды.
«Отбасылық жағдайын, білімін жалғастыруға, денсаулық және басқа да маңызды жағдайларға байланысты кейінге шегеру жасалады. Осы жылы мұндай жеңілдік педагогтер мен ішкі істер органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік оқудан өтіп жатқан адамдарға беріледі»,- деді Сәкен Жүсіпов.
Еске салсақ, осыған дейін тек ауыл мұғалімдеріне ғана кейінге шегеру мүмкіндігі ұсынылатын.
Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жасақтау басқармасының өкілі Ғани Артықбаевтың айтуынша, тұрғылықты жерін ауыстырған әскер жасына жеткен ер адам әскери есепке қайтадан тұруы тиіс.
«Ол үшін әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Біз 2018 жылдан бері бұл жұмысты цифрлық форматқа ауыстырдық. Жұмысты электронды үкімет платформасындағы (egov.kz) жеке кабинетте де, Халыққа қызмет көрсету орталығында да реттеуге мүмкіндік бар. Адамдардың көбі бұл жаңашылдықтан бейхабар»,- дейді Артықбаев.
Сонымен қатар Артықбаев елімізде электронды әскери билет жүйесінің де қарастырылып жатқанын атап өтті.
«Қазір барлық әскери билет мәліметтерін цифрлау және оларды электронды үкімет порталына орналастыру бойынша бағдарлама жасақталып жатыр. Аталған жоба 2021-2022 жылдары жүзеге асуы ықтимал»,- дейді ол.