Коронавирус инфекциясының екінші толқыны басталған жағдайда Қазақстан бір мезетте 70 мыңнан астам төсек-орын дайындауға қауқарлы. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Оның 3 мыңға жуығы жансақтау бөлімінде болады. Қазір елімізде 19 066 инфекциялық төсек-орын, жансақтау бөлімдерінде 1 522 орын бар. Инфекциялық және провизорлық орталықтарда өкпені жасанды желдететін 3 379 аппарат бар, қосымша 2 619 дана сатып алынуда, оның 1 500-і отандық өнім.
Стационарлардағы 21 566 төсек-орын оттегімен қамтылған. Қосымша тағы 9 300 орынды қамтамасыз ету жоспарлануда. Қыркүйек айында 8 600 аппарат, қалған 700 аппарат қазан айында жеткізіледі. Жыл соңына дейін жедел-жәрдем қызметі Қазақстанда шығарылған 1 167 санитарлық автокөлікпен жабдықталады. Шалғайдағы ауылдар үшін 100 медициналық кешен сатып алынады.
Республикамызда медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін 3 640 мобильді бригада бар.
Екі айға жететін қор ретінде жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге 44 түрлі препарат сатып алынуда. Бұл шамамен стационардағы 60 мың науқасты емдеуге жетеді.
Сонымен қатар, амбулаторлық деңгейдегі дәрі-дәрмек тізімі де көбейеді. Орташа есеппен 1 миллион адамға жететін аурудың алдын алуға арналған 5 түрлі дәрі сатып алынды.