Өңірлік коммуникациялар қызметі қалалық емхананың аумағына көшпелі баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Онда Алматы қаласы бойынша тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау Департаментінің басшысы, Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин және Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық Басқармасының басшысы Камалжан Надыров маусымдық тұмауға қарсы вакцина салдырды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің Telegram каналы хабарлады.
«Алдағы маусымда жергілікті бюджет қаражатына қауіп тобындағы адамдарға тегін вакцина егу үшін Ресейден 130 000 доза көлемінде үшвалентті тұмауға қарсы „Гриппол Плюс“ вакцинасы сатып алынды. Сондай-ақ, КВИ-дің тіркелуін ескере отырып, қосымша 300 мың доза сатып алуға өтініш берілді», — деді Ж.Бекшин.
2019 жылы қала халқының 10,3 пайызына (200 747), оның ішінде қауіпті топқа енген 100 000 адамға жергілікті бюджет есебінен тегін вакцина егілді, 93 633 адам жұмыс берушілердің есебінен, 7114-ақылы түрде жекеменшік медициналық орталықтардан вакцина ектірген. Екпе салдырғандардың арасында иммунизациядан кейін өздерін жайсыз сезіну жағдайлары тіркелмеген.
«Биылғы жылы біз вакцина салдыруға жауапкершілікпен келіп отырмыз, себебі коронавирус пандемиясы кезінде аурулар қабаттасып кетуі мүмкін. Осы жағдайды ескере отырып, алматылықтарды әріптестерімнің вакцина алуға шақыруына бей-жай қарамай, сол арқылы пандемия және маусымдық аурулар өршіген уақытта ЖРВИ және тұмаумен ауыруды азайтуға шақырамын. Сатып алынған вакцина бұрыннан бері жақсы танылған, халық арасында ол бірінші рет егіліп жатқан жоқ. Вакцинаның ешқандай қаупі жоқ», — деп атап өтті Камалжан Надыров.
Қаланың эпидемиологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, ЖРВИ мен тұмау ағымдағы жылы қарашаның соңынан бастап 2021 жылдың бірінші тоқсанында өршудің ең жоғары шегіне жетеді. Алдағы эпидемиологиялық маусымның ерешелігі оның коронавирус инфекциясымен қабаттасу қаупі болуы мүмкін.