ҚР Үкіметінің қаулысымен Ерлан Аңсағанұлы Қиясов ҚР денсаулық сақтау вице-министрі – ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады.
Ерлан Қиясов 1973 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік медицина университетін, Орталық Азия университетін, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1990 жылы «Алматы қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасы» қарқынды терапия реанимация бөлімшесінің санитары болып бастады.
1997-1999 жылдары — Алматы қаласындағы ҚР әуе көлігіндегі орталық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық дәрігері, дәрігер-эпидемиологы.
1999 жылдан бастап 2020 жылға дейін ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының құрылымында — Санитарлық-эпидемиологиялық станцияда жалпы гигиена бойынша санитарлық дәрігер, жедел бөлім меңгерушісі, Санэпидқадағалау басқармасының эпидемиологиялық бөлімінің бастығы, «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» РМК директоры, басшының орынбасары болып жұмыс істеді.