Тұрғын үй сертификатын алушылар санаттарының тізбесін кеңейту туралы құжаттың жобасы мәслихаттың келесі сессиясына жіберіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
«Елордада тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санатын кеңейтеміз. Бұрын тізімде толық емес; көпбалалы; мүгедек бала бағып отырған отбасылар болса, қазір тізімге халықтың әлеуметтік аз қамтылған санаттарының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады.
Азаматтарды қабылдау кезінде жиі көтерілетін мәселенің бірі – баспана. Пәтер алу жолдарын қарастыруды өтінген асыраушысы жоқ балалармен бірнеше рет кездестім. Санатты кеңейту құжатының жоспарын мәслихаттың алдағы сессиясына қарауға береміз. Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертфикат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертфикатының мөлшері – 1 млн теңге. Оларды «Шаңырақ» (5-10-20) жобасына қолдануға да болады.
Осылайша, ертеректе бекітілген тізімге енді: жетім балалар; I және II топ мүгедектері; зейнеткерлер; ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер; мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары қосылады. Сонымен бірге экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде баспанасынан айырылғандар; бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар; «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері немесе ертеде «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар; I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандар; көпбалалы отбасылар және т.б. кіреді.
Мемлекет Басшысының тапсырмасымен биыл қолжетімді баспана құрылысын үш есеге ұлғайттық.
Бұған қоса, Қазақстан ипотекалық компаниясымен бірлесіп, әлеуметтік пәтер алатындардың санатын да кеңейттік. Биыл 1 мың пәтерді дәрігерлер мен мұғалімдерден басқа – әлеуметтік қызметкерлер, полиция, мәдениет және спорт қайраткерлері де ала алады», – деп жазды Алтай Көлгінов.