ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысындағы өзгерістерді түсіндірді. Жаңа құжатта қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
«Демалыс және мереке күндері бұрынғыдай шектеу шаралары сақталады: азық-түлік супермаркеттері мен дәріханаларды қоспағанда, сауда үйлері, сауда -ойын-сауық орталықтары жұмысын тоқтата тұрады; азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарлары жұмыс істемейді», – деді Р. Қожапова.
Ал сұлулық салоны, шаштараз, СПА-орталықтары, косметологиялық қызмет көрсететін объектілер, фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтары, бассейн, жаттығу залдары, спорт кешендері, сауналар мен діни объектілер демалыс және мереке күндері жұмыс істей алады.
Сонымен қатар, ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 16 қыркүйектегі Қаулысында бірінші санатқа кіретін елдердің тізімі артты. Оған ҚХР, Тайланд, Моңғолия, Малайзия, Египет, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь, Әзірбайжан елдері жатады.
«Осы елдерден келген жолаушылар тек термометриядан өтеді және сауалнамаға жауап береді», – деді ТКҚСҚБК өкілі.
Екінші санатқа 21 ел кіреді – бұл Швейцария, Ұлыбритания, Польша, Италия, Венгрия, Австрия, Нидерланды, Швеция, Румыния, Чехия, Греция, Түркия, БАӘ, Сауд Арабиясы, Үндістан, Армения, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Украина, Қырғызстан, Тәжікстан.
«Аталған елдерден келгендер термометриядан өтеді, сауалнамаға жауап береді және ҚР Мемлекеттік шекарасынан өткен сәтте 5 тәуліктен аспаған ПТР-тесттің нәтиесі таза болуы тиіс, COVID-19-ға қарсы тексерілгені туралы анықтама көрсетеді», – деді Р.Қожапова.