Ресурстар

Елімізде тіркелген құс тұмауы АШМ бақылауында

Республикалық қор құс тұмауына қарсы вакциналардың 1,4 млн дозасын бөлді

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР АШМ өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы эпизоотиялық жағдай туралы толық баяндады. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының м.а. Қызғалдақ Жұбатқанова, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов, ҚР Білім және ғылым министрлігінiң ғылым комитеті Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Төрағасы Тимур Сұлтанғазиев БАҚ өкілдерін толғандырған сұрақтарға жауап берді.

Ағымдағы жылғы 9-21 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасының 5 облысында (СҚО, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды) әртүрлі үй құстарының 14 315 басының өлімі, оның 11 мыңнан астамы Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді.

Аталмыш аймақтарда өлген құстардан патологиялық материалдар алынып, Нұр-сұлтан қаласындағы «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталыққа» жолданған. Бүгінде 4 облыста құс тұмауы бойынша факт тіркелді, Қарағанды өңірінен алынған сынамаға әлі зерттеу жүргізілуде.

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті республикалық қордан Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысында жоғары патогенді құс тұмауына қарсы вакциналардың 1,4 млн дозасын бөлді. Вакцина өңірге жеткізіліп, аудандар мен облыстарға толық таратылған. Карантин аясындағы барлық іс-шаралар республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.

Өткен демалыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың тапсырмасымен вице-министр Гульмира Исаева бастаған арнайы топ Солтүстік Қазақстан өңіріне келіп, облыста жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу мақсатында жасалып жатқан кешенді шаралардың барысын тексерген болатын. Брифинг барысында вице-министр СҚО-ға тәуекелдерді бағалау және құс тұмауының одан әрі таралуын болдырмау үшін барлық іс-әрекеттердің дұрыстығына көз жеткізу үшін арнайы сапары бойынша есеп берді. Сапар барысында АШМ өкілдері қырылған құстың иелеріне өтемақы төлеу бойынша жұмысты жолға қою және өңірде індетке қарсы жұмысты дұрыс үйлестіру және вакцинация шараларын ұйымдастыру, құстардың өлекселерін жоюға көмектесті.

Сонымен қатар, ол комиссия өңірдегі құс фабрикаларының басшыларымен кәсіпорындар айналасында «биологиялық қауіпсіз әрі оқшауланған» аймақтар құру мәселесі бойынша келіссөздер жүргізгенін хабарлады. Барлық қажетті талаптар орындалған жағдайда өңірдің құс фабрикалары өз өнімдерін еркін өткізу құқығын ала алады.