Алматы қаласының санитар дәрігерлері жылдам дайындалатын кәріс кеспесі мен түрік печеньесінің адам денсаулығына зиян екенін айтып отыр. Бұл туралы Ұлттық сараптама орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Күнделікті дүкен сөресінен көріп жүрген «Джин рамен» кәріс кеспесінің үш түрінен және Butter Соокіеѕ Danish Pride түрік печеньесінің бір сынамасынан жоғары ГМО концентрациясы анықталған. Бұл өнімдер «Барыс-4» және «Ақбұлақ» көтерме базарларында қауіпсіздікті растайтын құжатсыз сатылған. Аталған өнімдер Ұлттық сараптама орталығының Алматыдағы зертханасында тексерістен өткен. «Зертхана жұмысының қорытындысына сәйкес, кеспедегі гендік модификацияланған сояның мөлшері 1,4 пайыздан 10,25 пайызға дейін, печеньеде 47,75 пайыздан асқан. Ал өндірушілердің таңбаларында көрсетілген өнімдердегі гендік түрлендірілген ингредиенттердің құрамы туралы ақпарат жоқ.
«Сондай-ақ, тамақ өнімдеріндегі ГМО мөлшерінің рұқсат етілген нормасы «тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес 0,9 пайыздан аспауы керек»,- делінген хабарламада.
Қазіргі таңда тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті саудадағы талапқа сай емес өнімдерді анықтау және оны сатудан алып тастау бойынша шаралар өткізіп жатыр. ГМО қатерлі ісіктің пайда болу, балалар мен жасөспірімдерде өсудің тежелуін, сондай-ақ аллергиялық аурулардың пайда болу қаупін арттырады. Қазақстандықтар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудың өңірлік департаменттеріне хабарласа алады.
Осы ретте ГМО деген не және оның адам ағзасына тигізер әсері туралы қысқаша түсіндіре кетейік. ГМО дегеніміз – гендік модификияланған организмдер. Яғни гені өзгеріске ұшыраған азғаларды айтады. Олардың басым көпшілігі ауыл шаруашылығында үлкен сұранысқа ие, тағам өнеркәсібінде кеңінен қолданылады. Мұндай өзгертілген организмдерден азық-түлік әзірлейді.
Адам денсаулығына әсері жайлы зерттеу көп жүргізілген. Ғалымдар арасында бұған қатысты нақты бір байлам жоқ. Дегенмен құрамында ГМО бар тамақтарға аллергия жиі берілетініне ғалымдар бір ауыздан келіскен. Себебі аллергия дегеніміз иммундық жүйенің спецификалық ақуыздарға қайтаратын жауап. Ал гендік модификация кезінде ақуыз құрамы өзгереді.
Дәстүрлі әдіс тұрғанда ГМО арқылы алудың қажеті қанша дейтіндер бар. Гендік инженерия әдісі арқылы ғалымдар түрлі табиғат жағдайына төзімді, мол өнім алуға мүмкіндік алады. Мысалы мұндай дақылдарды құрғақ, деградацияға ұшыраған, тұзды топыраққа егуге болады. Мол өнім беретін ГМ дақылдар арқылы дамушы елдердің бірқатарында (Бангладеш, Перу, Мексика, Үндістан, Парагвай) аштық мәселесі шешіліп отыр.
Ал енді қандай өнімдерді ГМО кездесетіні туралы айтар болсақ, мұнда ұзақ тізім жасауға болады. Мысалы қоюлатқыш түрінде ГМО йогурттарда, ірімшіктерде, майонез, соустарда кездесуі мүмкін. Ал негізгі масса ретінде соя, консервіленген жүгері, шұжық өнімдерінде болады. Егер денсаулығыңызды ойлап, құрамында ГМО-сы жоқ азық-түлік алуды қаласаңыз, бар болғаны құрамына көз салсаңыз жетіп жатыр. Заңнама бойынша, егер құрамына гендік модификацияланған организм болса, оны міндетті түрде көрсету керек. Дегенмен «қулыққа» басатын кей кәсіпкерлер оны өте ұсақ қаріппен жазып, көрсетпеуге тырысатыны бар. Сол үшін құрамын қарағанда, модификацияланған деген сөзді іздеңіз. Мысалы «модификацияланған крахмал», «модификацияланған соя немесе жүгері» деп тұрса, демек ГМО дегеніңіз сол. Сонымен бірге «ГМО-сыз» деген белгісі бар азық-түлікті де көп кездестіруге болады. Бір жағы өнімді алуға шақыратын жарнама екені де бар. Дегенмен бұл жазылғанға толықтай сенуге де болмайды. Өйткені құрамында өте а мөлшерде болсын болуы әбден мүмкін. Яғни мөлшері 0,9 пайыздай болуы ғажап емес. Жарнама үшін дегеннен шығады, кей өндірушілер құрамында тіптен ГМО болуы мүмкін емес тауарлардың өзіне «ГМО жоқ» деп жазатынды шығарған. Мәселен тұз, минералды су, өсімдік майында онсыз да гендік модификацияланған организм болмайды.