Ресурстар

Түркістанда мал ұрлығы 56%-ға төмендеді 

Биылғы жылдың сегіз айында 180 мал ұрлығы тіркелген

Түркістан облысында мал ұрлығы қылмысының тіркелімі төмендеп келеді, – деп хабарлайды Polisia.kz сайты. Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Облыс бойынша биылғы жылдың сегіз айында 180 мал ұрлығы тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 пайызға төмен. Ал, ашылымы 75-тен 76,5 пайызға жоғарылаған. Жыл басынан бері мал ұрлығымен айналысқан 15 қылмыстық топ құрықталып, 43 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Олардың 101 дерек мал ұрлығына қатыстылықтары анықталып отыр. Бұл бағытта полициейлер құжатсыз мал тасымалдаған жүргізушілерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабымен 368 құжат жолдаған. Оның ішінде 334 жүргізушіге ветеринария қызметкерлерімен хаттама толтырған.

Сондай-ақ, тұрғындардың малдарын қараусыз қалдырмау мақсатында «Мал иесі-жергілікті атқарушы орган-бақташы»үш жақты келісім жобасы бойынша 7759 келісім-шарт түзілген. Мал ұрлығын жедел ашу мақсатындағы атқарып жатқан жұмыстардың қатарында, чат әдісі де кеңінен қолданылуда. Яғни, заңсыз тасымалданған малдар полицейлер тарапынан анықталып, бейне тіркегіштерге, суретке түсіріліп, арнайы чатқа жіберіледі және мал ұрлығы туралы арызданып келген азаматтарға чаттағы бейне жазбалар мен суреттер көрсетіледі. Жалпы тіркелген 180 мал ұрлығының 76 қорадан, 104 жайылымнан ұрланған. Олардың ішінде 949 бас мал бар. Ашылған қылмыстарға орай 190 бас жылқы, 60 ірі қара, 207 уақ мал иелеріне қайтарылды.