Қазақстандық режиссер Фархат Шарипов түсірген «18 килогерц» атты жаңа көркем фильмнің әлемдік тұсаукесері Орталық және Шығыс Еуропаның ең беделді фестивальдердің бірі – 36-шы Халықаралық Варшава кинофестивалінің (WFF) негізгі байқауы шеңберінде өтеді. Бұл туралы кинотуындының креатив жөніндегі продюсері Юлия Ким хабарлады.
«18 килогерц» – бұл 90-шы жылдардың соңындағы жасөспрімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.
«18 килогерц – ересектер естімейтін дыбыс жиелігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған… Есейе келе жыл сайын жас буынның қиындықтарын түсіну қиын болып бара жатыр. Өзіміз де жасөспірім болдық, кейбір проблемалар шешілмейтіндей болып көрініп еді. Тіпті тығырықтан шығатын жол таба алмай, тұла бойыңды қорқыныш билеген кездер де болды. Біздің фильм сол кездерді еске түсіру үшін арнайы түсірілді», – деді режиссер Фархат Шарипов.
Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Басты рөлдерді Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со есімді жас дебютант-актерлер сомдады.
Әлемдегі ең беделді кино байқаулардың бірі – Варшавадағы Халықаралық кинофестиваль 1985 жылы негізі қаланған болатын. Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы шешімімен 2009 жылы бұл фестивальге «А» санаты берілген болатын.
Биыл, коронавирус індеті салдарынан дүние жүзінде орын алған қиын жағдайға қарамастан Варшава кинофестивалі қазанның 9-ы мен 18-і аралығында әдеттегі дәстүрлі форматта өтеді.
Одан бөлек, отандық «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі фестивальдердің бірі – қазанның 21-і мен 30-ы аралығында өтетін 25-ші Халықаралық Пусан кинофестивалінің (BIFF) конкурстық бағдарламасына қатысады. Кинотуынды «Азиялық киноға терезе» (A Window on Asian Cinema) атты бағдарламасында көрсетіледі.
Өндірісі: Centera Production және Altera Pars кинокомпаниялары
Режиссері әрі сценарий авторы: Фархат Шәріпов
Қоюшы оператор: Александр Плотников
Қоюшы суретші: Алексей Шиндин
Продюсерлер: Дина Жұмабек, Фархат Шәріпов
Креатив жөніндегі продюсер: Юлия Ким
Композиторы: Илья Одегов
Кастинг директоры: Анастасия Хисамова
Костюм бойынша суретшілер: Анастасия Макарова, Елизавета Кулиш
Грим бойынша суретші: Алия Шманова
Картинаның директоры: Талғат Нұриев