«Жас Отбасы» бағдарламасы арқылы қалай баспана алуға болады?

Жарияланды
Бағдарлама шарттарымен таныс болыңыз

Қазақстанда дәл қазір бірнеше ипотекалық тұрғын үй бағдарламалары жұмыс істейді. Олардың барлығында дерлік алғашқы төлем жасалады және әртүрлі пайыздық мөлшерлеме көрсетілген. Солардың арасында «Жас Отбасы» бағдарламасы біршама тиімді шарттар ұсынады

Бағдарлама аясында жуырда ғана некеге тұрған жастар егер бір жыл қаржы жинаған болса, онда жылдық 6 пайызбен баспанаға үміттене алады. Ұсынылатын несие мерзімі – 6-9 жыл. Ал несие сомасы – 90 миллион теңгеге дейін. Кепілзат ретінде сатып алынғалы жатқан жылжымайтын мүліктің (пәтердің) өзі тіркеледі. 

Заемның мақсаты қандай?

  •  Жаңа үйден пәтер немесе жер үй сатып алу, соның ішінде, үлестік қатысу арқылы үй сатып алу;
  • Қолданыстағы үйден пәтер немесе үй сатып алу;
  • Тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу;
  • Жер үйдің құрылысы;
  • Жер телімін сатып алу;

Шарттары қандай?

  •  Бұл бағдарламаның қатысушысы болу үшін ерлі-зайыптылардың бірі немесе екеуі де «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» депозит ашып, кем дегенде бір жыл қаражат жинаған болуы керек;
  •  Жинақтау мерзімі өткен кезде бағалау көрсеткіші (ОП) 5 ұпайдан кем болмауы тиіс;
  •  Несиеге өтінім берер сәтте депозитке тұрғын үй бағасының 50 пайызын салған жөн;
  • Депозитті некеге тұрған сәттен бастап үш жыл ішінде ашуға болады. (Бұл ретте неке қию туралы куәліктегі мерзім есепке алынады) 

Бағдарлама артықшылықтары қандай?

 

  1.  Жас жұбайлардың жас мөлшеріне шектеу жоқ; 
  2.  Екі жыл өтіп, тұрғын үй заемына ауысқан кезде мөлшерлеме жылдық 5 пайызға дейін төмендейді; 
  3. Ерлі-зайыптылардың екеуі де депозит ашып, оны «отбасылық пакетке» біріктіріп, мемлекеттік сыйақыны екі есе көп қылып алуға болады; 
  4. Маңызды ережелері қандай?
  5. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқа бағдарламаларына ауыса аласыз. Сонда депозитіңіз сақталады, ал оның шарттары өз күшін жояды; 
  6.  Бір салымшыда бірнеше депозит болуы мүмкін, алайда «Жас Отбасы» белгісі соның тек біреуіне ғана қойылады;
  7.  Ерлі-зайыптылардың әрқайсысында «Жас Отбасы» бойынша ашылған өз депозитінің болуына рұқсат етіледі; 
  8. «Жас Отбасы» белгісі бар депозиттерді табыстау тек ерлі-зайыптылардың арасында жүзеге асырылады; 
  9. «Жас Отбасы» өнімі бойынша төмендегі екі жағдайда ғана салымдарды бөлуге болады:
  10. Мұрагерлік тәртібінде меншік құқығы туындаған кезде; 
  11. Күшіне енген сот шешімі бойынша. Сонымен қатар, қабылдаушы «Жас Отбасы» депозитінің жеңілдіктерін қолдана алмайды. 

Банк басшылығының айтуынша, бұл бағдарлама жастар арасындағы әлеуметтік жағдайды түзеп, отбасы беріктігіне де ерекше әсерін тигізбек. 

«Жас отбасылардың барлығы өздерінің жеке баспанасы болғанын қалайды. Елімізде жыл сайын 152 мыңнан астам адам некеге тұрса, солардың біразы жеке баспанасының болмауы себепті ажырасып кетеді екен. Статистика солай дейді. Ал «Жас Отбасы» бағдарламасы – жақында ғана отбасын құрған, өз арманын жүзеге асыруды қалайтын жандар үшін керемет мүмкіндік»,- дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» орталық филиалы директорының орынбасары Әсел Жарасқалиқызы бағдарламаға қатысқысы келетін жастарға мынадай кеңес береді. 

«Ерлі-зайыптылардың екеуі де банкпен тұрғын үй жинақтары туралы шарт жасасуға құқылы. Сол келісім жасалған күннен бастап бір жылдан соң несиеге өтініш бере алады. Ол үшін бағалау көрсеткіші 5-тен кем болмауы тиіс. Бұл жерде бір жыл депозитке аударылған ақшаның 50 пайызы кепіл болып саналады. Басқа депозиттер секілді оған да банк сыйақысы мен жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы қосылып отырады. Нәтижесінде кепіл қаражаты клиентке қосымша табыс әкеледі. Бұл орайда жас отбасылар жүзеге асыруы негізгі қадамдар мыналар: Біздің банктен депозит ашу; Тұрғын үй бағасының 50 пайызын депозитке салу; Одан соң бағалау көрсеткіші 5 пайызға жетсе, төлем қабілетін растай отырып заем алады»,- дейді маман. 

Оның айтуынша, 50 пайызды жинай отырып алғашқы 35 айға несие алған жағдайда пайыздық мөлшерлеме 6 пайыз көлемінде жүреді. Ал 35 айдан соң заем мөлшері 4 пайызға дейін төмендемек. 

«Егер 10 млн теңге несие алатын болса, онда оның 5 миллионын бір жыл ішінде жинаған болуы тиіс немесе клиент 5 миллионды бір мезетте әкеліп құюы мүмкін. Демек, әрі қарай 35 айда ай сайынғы төлейтін сомасы – 50 мың теңге болады. Одан кейінгі 120 айда 4 пайызбен төленеді. Сонда несие мерзімі орта есеппен 13 жылға есептеледі»,- дейді банк сарапшысы. 

Бағдарлама талабы бойынша бір азаматқа берілетін шекті несие сомасы – 45 миллион теңге.  

 

Сондай-ақ оқыңыз