Мектепте кезекші сыныпта оқитын оқушыдан коронавирус анықталды
ШҚО-да кезекші сыныпта оқитын оқушы коронавирус жұқтырған. Бұл мәліметті ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«14 қыркүйек күні Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданына қарасты Парыгина елді мекенінде кезекші сыныпта оқитын оқушының (2 сынып) коронавирус жұқтыруының алғашқы жағдайы анықталды. Баланың анасы – мұғалім. Бірінші күні дене қызуы 37 градус болған, барлық симптомдары вирусқа келеді», – деді ол.
ПТР-тест оқушының коронавирус жұқтырғандығын көрсеткен.
«Бала үйінде ем алып жатыр, жағдайы жақсы. Ол оқыған сыныпта барлығы 12 бала болған. Олардың барлығы және мұғалімдері мен байланыста болған тұлғалар вирустың бар-жоғына тексеріліп жатыр», – деді Бағдат Қожахметов.
«Егер ауру бірнеше сыныпта немесе әртүрлі сыныпқа сабақ берген мұғалімдерден анықталса, онда аурудың одан ары таралуына жол бермеу мақсатында мектеп толық жабылуы мүмкін», – деген еді Айжан Есмағамбетова.