Соңғы кездері желіде қатаң карантиннің қайтадан енгізілуі мүмкін екені қызу талқыланып жатыр. Солай болған жағдайда, карантинге байланысты жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы тағайындалуы әбден мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Оның айтуынша, алда карантин режимі енгізілсе, азаматтар жұмыссыз қалып, табысынан айырылады. Сол себепті алдын алу шараларын қарастырып, дайындық жұмыстарын бастау керек.
«Карантин уақытында қазақстандықтардың жұмыссыз қалуына байланысты төленетін төлемді арттыру туралы ұсыныс жасауды жоспарлап отырмыз», – деді Нұрымбетов.
Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жалғастырып, «Еңбек» жобасы бойынша субсидияланатын жұмыс орындарын арттыру, қысқартылған жұмыс істеу режиміне көшкен жағдайда ең төменгі жалақы мөлшерін сақтап қалу көзделіп отыр.
«Халықтың үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл – бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін», – деді министр.
Ал енді табысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы көлеміне келсек, экономистер алдыңғы 42 500 теңгенің аз екенін айтып отыр. GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық шамамен қанша сома болғаны жөн екенін атады.
«Бұл сұраққа қатысты көптен бері пікірімді білдіріп жүрмін. Басында 42 500 теңге болып бекітілгенде-ақ оның аз екенін айтқанмын. Ең төменгі жалақы мөлшері мұндай болмауы керек. Былтыр бұл шама өскенімен, биыл еш өзгеріс болмады. Қарап тұрсаңыз, бізде инфляция болды. Тіпті белгіленген шектен асып кетті. Мемлекет зейнетақыны индексациялады. Міне, тура сол сияқты неліктен 42 500 теңгені де көтермейді? Біздің, яғни «Бизнес талдау» орталығының сарапшылары болып бірлесіп жасаған есебімізше, ең төменгі жалақы негізі 70 мың теңгеден төмен болмауы тиіс. Ал қазір ең төменгі күн көріс шегі — 32 мың теңге. Ол да көтерілуі керек. Сондықтан 42 500 теңгенің аз екені белгілі. Ол ақша ештеңеге жетпейді. Дегенмен біздің үкімет 70 мың теңгеге өсіруге дайын емес деп ойлаймын. Бәлкім, 10 пайызға көбейтіп қалар», – дейді сарапшы.
Осы кезге дейін Қазақстанда бюджеттен халықты қолдау үшін 475 миллиард теңге жұмсаған. Енді алда екінші толқын бастала қалса, жағдай бұдан да қиындауы мүмкін. Министрлік карантин кезінде халықты қолдаудың тетіктерін әзірлеген. Біріншіден, жұмыстан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшерінде ақы өтеу, я субсидиялау тетігін енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ уақытша табысынан айырылғандарға берілетін әлеуметтік төлемақы көлемін арттыруды ұсынбақ. Тұрғындарды жұмыссыз қалдырмау үшін инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру да ширайды әрі «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіп ашқан азаматтарға қолдау көрсетіледі.