Экология министрі “Алтын Емелде” көзге түскен барыстың видеосын жариялады 

Жарияланды
Жойылып кету алдында тұрған сұлу жануардың саны әлемде бар болғаны 4 мыңдай ғана

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет көзге түскен қар барысының фото, видеоларымен бөлісті. 

 «Жақсы жаңалықпен бөліскім келіп отыр: «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде алғаш рет қар барысы байқалды. Жануар фототұзақ объективіне ілінген”, – деп жазды министр Twitter парақшасында. 

Орта Азияда сирек кездесетін сүтқоректі көктемде «Сайрам Өгем» ұлттық паркінде де көрініп еді.  

Министрдің сөзінше, жойылып кету алдында тұрған сұлу жануардың саны әлемде бар болғаны 4 мыңдай ғана.  Қазақстан аумағында 120-130 бас қар барысы бар. БҰҰДБ Қазақстанның ерекше қорғалатын 13 аймағына 294 фототұзақ орнатқан. 

 «Барыстың көзге түсуі – ерекше құбылыс. Біз сирек кездесетін жануарларды барынша қорғауымыз керек. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл үшін бірқатар шараларды қабылдап, жүзеге асырмақ», – деп жазды Мағзұм Мырзағалиев.

Сондай-ақ оқыңыз