Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайдың ашылу салтанатына қатысты
Түркістан облысына сапары барысында Елбасы Түркістан қаласының халықаралық әуежайының ашылу салтанатына қатысты. Бұл туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналы хабарлады.
Халықаралық әуежайдың құрылысы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жүзеге асқан. Қаладан 20 км қашықтықта орналасқан әуежай халықаралық стандарттарға сай заманауи технологияларды қолдана отырып салынған.
Әуе айлағын салу үшін 102 бірлік арнайы техника мен 300-ден астам құрылысшы жұмылдырылды. Халықаралық әуежайдың жалпы ауданы 905 га құрайды. Әуежайдың қызмет көрсету әлеуеті жылына шамамен үш миллион жолаушыны құрайды.
Түркістан қаласының жаңа халықаралық әуежайынан бірінші кезеңде қазақстандық авиакомпаниялар Нұр-сұлтан, Алматы қалаларына рейстер ашады және одан әрі түркі әлемінің рухани орталығы ретінде Түркістан Қазақстанның басқа да облыс орталықтарымен қосылатын болады.
Бастапқы кезеңде Turkish Airlines авиакомпаниясы Стамбулға рейстер ашуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, Түркістан қаласының әуежайы шетелдік авиакомпаниялардың ұшуы үшін «ашық аспан» режиміне қосылатын болады, бұл оны ұшу географиясын кеңейту үшін тартымды етеді және шетелдік туристер ағынын тартуға ықпал етеді.
Анықтамалық:
Әуежайдың негізгі параметрлері:
Әуежай ауданы: 905 га;
Ұшу-қону жолағы: 3 300 х 45м;
Жолаушылар терминалының ауданы – 10,5 мың м2;
Өткізу қабілеті – сағатына 450 жол.