Алимент төлемеген әке үйінен айырылды

Жарияланды
Оның төрт бөлмелі пәтері 4,6 миллион теңгеге сатылды

Екібастұз қаласының тұрғыны 2016 жылдан бері баласына тиіс төлемді төлемей жүрген. Осы уақыт аралығында алимент бойынша қарызы 2,2 млн теңгеге дейін жетіпті. Жеке сот орындаушы міндетінен қашып жүрген әкені бірнеше рет шақырып, алимент төлеу туралы ескерту берсе де, екібастұздық азамат оны құлағына да ілмеген. Тіпті, сот шешімін орындауға асыққан жоқ. Сондықтан жеке сот орындаушы Екібастұз қалалық сотына алимент қарызының сомасын жылжымайтын мүлік есебінен жабу туралы өтініш берді.

Павлодар облыстық жеке сот орындаушылар палатасының мәліметі бойынша, әлгі әкенің меншігіндегі төрт бөлмелі пәтер электронды аукцион арқылы сауда шығарылып, 4,6 млн теңгеге сатылды. Соның нәтижесінде әкесінен төрт жыл бойы алимент алмаған бала өзіне тиесілі 2,2 млн теңгені алды. Ал қалған сома борышкерге қайтарылды. 

Бұған дейін павлодарлық полицейлер мен жеке сот орындаушылар алимент төлеуге асықпайтын ата-аналардың көлігін айып тұрағына қойып отырған-ды. Бұл олардың қарызды қайтаруына әсер етпесе, көліктерін де аукционға шығарып, сол арқылы алимент өндіріп алынады. Ал міндетті төлемді жасауға қауқары жоқ азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. 
 

Сондай-ақ оқыңыз