Әлеуметтік қызметтер порталын іске қосқан ағымдағы жылдың басынан бері, сол арқылы мүгедектігі бар адамдар үшін 14 723 оңалтудың техникалық құралы берілді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Портал мүгедектігі бар адамдарға ОТҚ өндіруші мен жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмектің кепілдік берілген түріне тапсырыс беру электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген ОТҚ-ны жеткізу арқылы немесе өз бетінше алып кетуге болады.
Қазіргі уақытта порталда ОТҚ-ның 55 түрінің 24-і қолжетімді. Қазан айында пилоттық тәртіпте портал арқылы жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтеріне тапсырыс беру, сондай-ақ шипажайлық емделу ұйымын таңдау мүмкіндіктері іске қосылатын болады. ОТҚ-ның қалған түрлері 2021 жылы порталға ауыстырылатын болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдарды, сондай-ақ кресло-арбаларды ұсынуды қамтиды.
Еске сала кетейік, электрондық ресурс мүгедектігі бар адамдарды қажетті қызметтермен және жеткізушіден тікелей ОТҚ-мен қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Бүгінгі таңда порталда 5 748 мүгедектігі бар адам және «Қамқоршы» мәртебесіне ие 5 216 адам болған.
Қазіргі уақытта порталда 733 жеткізуші тіркелген, оның 25-і ОТҚ ұсынады. 708 ұйым арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін болады. Министрлік жеткізушілердің санын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде көзделген.