Еркін нарық: колледждегі білім тегін болуы мүмкін бе?
COVID-19 пандемиясы колледждерді онлайн оқуға көшуге мәжбүр етті: ал нәтижесі еш көңіл көншітпейді. Студенттер де ақымақ емес, бұндай білімнің ақысына жеңілдік жасалғанын талап етіп отыр. Жоғары оқу орындары еш мойындағысы келмей жатқан жайтты олар баяғы-ақ түйсініп қойған: онлайн-оқу деген – студент пен ата-анасы, америкалық салық төлеушілер қалтасынан толық ақысын шығаратын білім емес.
Қазір ең көп таралған жеңілдік – оқу ақысын 10 пайызға арзандату, алайда бірқатар студенттер одан да көбірек жеңілдік жасалғанын талап етіп отыр. Олар академиялық қызметтен тыс, сахналық қойылым мен коецерттерден бастап, нетуоркиң мен сауықкештерген колледж алатын оқу ақысының 10 пайызынан да көп қаржы кетеді деп тұжырымдайды. Бұндай жеңілдік студеттер жоғары білімнің 90 пайызын (орташа құны $45 мың) Zoom-дағы лекциялар арқылы алып отыр дегенді білдіреді. Алайда білім саласындағы контенттің басым бөлігі қолжетімді, еркін пайдалана беруге болады.Осы ретте бұндай білім тегін болуы тиіс деп тұжырымдайтын студенттер мен ата-аналарды айыптауға негіз жоқ.
Тіпті кейбір ЖОО-лар бұндай тәжірибені қолға алған. Онлайн білім беріп жатқан Оңтүстік Нью-Гемпшир университеті жақында бірінші курс студенттер үшін алғашқы оқу жылы тегін деп жариялады. Түрлі онлайн-курс ұсынатын Калифорния штатындағы Ұлттық университет толық жүктемемен оқып жатқан студенттердің оқу ақысын 25 пайызға арзандатты. Сонымен қатар, Пелл федералдық грантының шарттарына сай келетін жаңа студенттерді оқуға тегін қабылдамақ.
Дегенмен, пандемия колледждердегі оқу ақысын арзандатуға бағытталған баға саясатын қалыптастыруға ықпал ете ала ма? Әлде бұл қадамдар бірді-екілі мысал болып қала бере ме?
Жоғары білімнің болашағына көз жүгіртуге мүлдем күтпеген мысал көмек береді: брокерлік индустрия.
Акция сату – жоғары білім секілді, қатты реттелетін сала. Онда кез-келген өзгерістің алдынан салмақты кедергі шығады. 1980-жылдардағы стереотипке толы биржалық маклерлерді еске түсіріңіз: «әлем әміршісі» Том Вульф немесе Merrill Lynch-тың «күркіреген табыны».
Біраз жылдар бойы брокерлік индустрия автоматтандыруға келмейтін, өте қиын сала саналып келді.
Тек транзакцияға тапсырыс беріп қоймай, телефон қоңырауына жауап беріп, кеңес айтатын, жылжымайтын мүлікке қатысты жасалатын мәмілелер мен жеке мүлікті басқаруға байланысты басқа да міндеттерді талқылауға қатысатын кеңесшіні интернет қалай алмастыра алады?
Дегенмен, мызғымастай көрінген позиция ел күткеннен де жылдам өзгерді. Технологиялар 30 жыл ішінде қор нарығындағы трейдинг құнын жүздеген доллардан түсіріп, су тегінге жеткізді. 1988 жылы Уолл-стриттан алыста жұмыс істеп жатқан мамандар тобы бүкіл брокерлік индустрияға өзгеріс енгізуді қолға алды. Бұл топты аты аңызға айналған Ameritrade негізін қалаушы Джо Рикеттс басқарды, ол – қарапайым батырмалы телефонмен-ақ акция сату мүмкіндігін жасаған адам. Содан жеті жыл өткен соң Ameritrade онлайн-трейдингті іске қосты.
Колледж бітіріп, инвестициялық банкир ретінде жұмыс істей бастағанымда, Ameritrade компаниясы менің алғашқы клиентім болған еді. Менің қызметім көбінесе роуд-шоу кезінде Риккетс мырзаның атқосшысы болып, жүгін тасу еді.
Сол 1998 жылдары көптеген компаниялар әр трейдинг үшін 199 доллар комиссия алып жүрген кезде, ол брокерлік индустрияда төңкеріс жасап, әр мәміле үшін 8 доллар ғана төлеп, қалағаныңша, сансыз акция сату мүмкіндігін енгізді. Көптеген іс-сапарда қасында жүрген кездің бірінде мен батылданып, одан: «қай кезде қор нарығында 8 доллардан да төмен бағаға сауда жасауға болады?» деп сұрадым. Осы кезде көзі жайнап кеткен Рикеттс мырза: «бір күндері сенің сауда жасағаның үшін Ameritrade-тің өзі ақша төлейтін болады» деп жауап берген еді.
Өзім де ақылға сала алмасам, ол іскерлік қабілетінен айырылған екен деп ойлар едім, өзгелер 200 долларға сатып жатқан өнімді кім тегін таратады?
Дегенмен, Рикеттс мырза тағы да болашақты болжай алған екен: қазіргі кезде ешбір ірі брокерлік компания сауда-саттық жасағаның үшін комиссия алмайды. Қазір олардың негізгі табыс көзі басқа, мәселен, маркет-мейкерлерге ордер сатып ақша табады.
Бұл қатардағы пайдаланушылар үшін ақысыз Gmail электрондық пошта қызметі сияқты, бірақ олардың деректері Google-ге таргетті жарнама сатуға көмектеседі. 2020 жылдың I тоқсанында финтех саласының мүйізтұмсығы Robinhood тек тапсырыс ағынын сатудан 100 миллион доллар тапты, Ameritrade-тің мұрагері былтыр қараша айында шамамен 26 миллиард долларға сатылды.
Басқаша айтар болсақ, бүгінде жоғары білім брокерлік индустрия 1990 жылдары бастан өткерген кезеңде: трансформация, түрлену алдында тұр.
Пандемияға дейін-ақ, білім нарығында қымбат жоғары оқу орындарын шығыны аз университеттердің ығыстырыратын байқалған еді. Оқу ақысы жылына 10 мың доллардан аспайтын, коммерциялы емес Western Governors University мен Оңтүстік Нью-Гемпшир университеттері АҚШ-тағы ең ірі және қарқынды дамып келе жатқан оқу орындарына айналды.
Бұл ЖОО-ның әрқайсысында 100 мыңнан астам студент білім алады. Студенттер білім деңгейі негізінде негізгі оқыту мен онлайн-курстармен қамтамасыз етіледі, бұл өз кезегінде оқыту құнын сапасын жоғалтпастан, түбегейлі төмендетуге мүмкіндік береді.
Бұл мегауниверситеттер алдағы уақытта өз табысындағы оқу ақысының үлесін барынша төмендету үшін заманауи технологияларды пайдаланады. Бірқатары қазірдің өзінде осы жолмен келеді, басым бөлігінің осы бағытқа, өзгеріске бет бұруына пандемия ықпал етуі мүмкін.
Студенттерге оқу ақысы ретінде ондаған мың доллар төлеттіріп, қалтасын қағудың орнына, коллерджер жұмыс берушімен серіктес болып, студент оқу бітіріп, жұмысқа тұрған соң тапқан табысынан белгілі бір процент ұстай алады. Болмаса, студеттің оқу үлгерімін оқу бітірген түлек пайызымен байланыстыра отырып, мемлекеттің әлеуметтік облигациялары есебінен қаржы ала алады.
Рикеттс мырзаның тәжірибесін Америкадағы әр колледждің президенті түйсінуі шарт: технологиялық өзгерістер экономиканың түрлі саласына мүлдем жаңа бағытта, молынан әсер етуі мүмкін, ал егер ірі ойыншылар бұл өзгерісті елемейтін болса, өздеріне зиян. Жаңа білім беру моделі оқу ақысының төмендеуіне себеп болды, дегенмен бұл саланың өзіндегі құндылықтардың құрылымдық өзгерісін қажет ететіндей кеңістік бар. Пандемиядан кейін онлайн оқытуды тегін ететін университет жеңімпаз атанбақ.
30 жыл бұрын брокер компаниялардың болашағы қандай боларын ешкім білмегені секілді, оқу тегін әлемде колледждерді не күтіп тұрғанын дәл қазір көпшілік болжай алмайды. Бірақ бұл әлем орнауы мүмкін. Ол орнаса, тегін колледждер туралы айтыс-тартыстың мәні болмай қалады. Ал бұл өзгерісті сіз қалай қабылдайсыз: сенімсіздік басым ба, әлде көзіңіз ұшқын шаша ма? Бар мәселе осында.
Дэниел Пианко, University Ventures ұйымының негізін қалаушылардың бірі, атқарушы директор