Үкімет қазақстандықтарды шөппен емдеуді жоспарлап отыр. Үкімет отырысында ел болашағына қатысты қандай жаңалықтар айтылды?
Бүгін Қазақстанның фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіптік жоспарына арналған үкімет отырысы өтті. Жиында бірқатар ведомство басшылары баяндама жасап, қолға алынған жаңашыл бастамаларын жария етті.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2020-2025 жылдарға арналған фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіптік жоспарының бір тармағы – ел аумағында өсетін дәрілік өсімдіктерді пайдалана отырып дәрі өндірісін ұйымдастыру. Министр сөзінше, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар аясында фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіптік даму секторының келешегіне қатысты талдау мен болжам жасалған.
«Елімізде өсетін дәрілік өсімдіктерді және өсімдік аурулары мен зиянкестерімен күресу үшін биофабрикаларды қолданатын дәрі-дәрмектер өндірісі ұйымдастырылды. Бұл үшін ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін қаржыландыру көлемі көбеюі керек. Оның ішінде, стратегиялық зерттеулер үшін тікелей қаржыландыру қажет»,- деді министр.
Ал денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, кешенді шараларды жүзеге асыру өндірілетін дәрі-дәрмек ассортиментін кеңейтуді көздейді және дәрі-дәрмек нарығында отандық өндірушілер үлесін арттыруға мүмкіндік бермек.
«Фармацевтика және медициналық өнеркәсіпті дамыту үшін мемлекеттік қолдау шаралары, инвестиция тарту және кадрлық қамтамасыз ету шаралары керек. Сондай-ақ медициналық бұйымдар мен дәрі өндіретін отандық өндірушілердің де қуаттылығы артуы тиіс. Фармацевтикалық нарық құрылымы көрсетіп отырғандай, бірінші жарты жылдықта отандық кәсіпорындардың нарықтағы ақшалай көрінісі 17 пайыз болса, физикалық тұрғыда 39 пайызды құрайды»,- деді Цой.
Атамқұловтың сөзіне сүйенсек, алдағы бес жылда 180 млн доллар қаржыға 30 жаңа фармацевтикалық өндіріс пайда болмақ. Соның арқасында елімізде 2000 жаңа жұмыс орны құрылады. Нәтижесінде нарықта 297 жаңа дәрілік тауар түрі мен 2348 медициналық бұйым пайда болады.
Министрлік 2021 жылдың бірінші тоқсанына таман бір реттік маска өндіретін кәсіпорындар қуаттылығы күніне 2 миллион данаға дейін жететінін; Ал қорғаныш костюмдері (ол да екі есеге артады) – айына 500 мыңнан 1 миллионға дейін, жыл соңына дейін қолғап өндірісі тәулігіне 330 мыңнан 530 мыңға дейін көбейетінін айтады. Бұл орайда үкімет дәрі-дәрмек экспортының да экономикада үлесі бар екені, сыртқа тасымалданатын дәрі көлемі 58-ден 174 млн долларға дейін артатынын хабарлайды.
Жалпы алғанда, 2025 жылға дейін дәрі-дәрмек өндірісі көлемін 2,5 есеге дейін арттыра алатын 30-дан астам жаңа ірі фармацевтикалық өндіріс іске қосылмақ.
Үкімет басшысы Асқар Маминнің айтуынша, осы жылы фармацевтикалық өнеркәсіп өсімі 34,1, ал инвестициялар 5,2 пайызға артқан. Трансұлттық компаниялардың араласуымен 41 жоба жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам жұмыс орны құрылған. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша отандық өндірушілердің үлесі 30 пайызға дейін көбейіп, тұрақты өсу жағдайына жеткен.
Үкімет басшысы отандық фармацевтика өндірісі үшін, әсіресе, клиникалық және клиникаға дейінгі сынақтарды ынталандыру тұрғысынан мемлекеттік қолдау шараларын ауқымды түрде кеңейтуді тапсырды. Индустрия, денсаулық сақтау және сыртқы істер министрліктеріне дәрілер өндірісін елімізде жергіліктендіруге Big Pharma – Top 50 тізімінен әлемдік фармацевтика өндірушілерді таргеттеу бойынша ұсыныстар енгізу де тапсырылды.
Денсаулық сақтау министрлігіне:
- Ұзақ мерзімді келісімшарттарды іске асыру тетіктерін кеңейту;
- Елдегі дәрілік заттардың қажеттілігін нақты жоспарлау мен айқындауды қамтамасыз ету;
- Медициналық бұйымдар мен дәрі-дәрмектерге сынақтар жүргізетін зертханалардың Материалдық-техникалық базасын күшейту;
- Кешенді жоспарды іске асыруды ескере отырып, фармацевтика саласы үшін білікті кадрлар даярлау жөнінде тапсырмалар берілді.
«Фармацевтика өнеркәсібі – экономиканың өте маңызды секторы және халықтың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің негізі» деді Асқар Мамин.