Ресурстар

Елімізде 74 бала коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр

Жеті бала орташа ауыр күйде жатыр

Бағдат Қожахметов еліміздегі балалар арасында коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші жайлы мәлімет берді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

 «Осы жылдың 2 сәуірінен 7 қазанға дейін елімізде 2 551 баладан коронавирус инфекциясы анықталды. Ал 5 қазандағы жағдай бойынша 138 оқиға мектеп оқушыларынан табылды. Олардың арасында 52-сі кезекші сыныптарда жұқтырған. Ал 86-сы қашықтан оқуын жалғастырып жатыр. Тағы бір оқиға мектеп интернатында табылды. Қазіргі уақытта байланыста болғандардың бәрі 14 күндік карантинде жатыр. 7 қазандағы жағдай бойынша 74 бала коронавирус инфекциясымен ауырып жатыр. Олардың арасында бір айлық шақалақтан бастап 18 жастағыларға дейін», – дейді Бағдат Қожахметов.

Министрлік өкілі сөз арасында ең көп жағдай Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында тіркелгенін атап өтті.

 «Жалпылай алғанда 32 бала симптомсыз ауырып жатыр. 31 бала жеңіл формада, 7-еуінде орташа ауыр күйде жатыр. Ал біреуінде пневмония бактериалды күйде анықталды, тағы бір бала вирусты пневмония COVID-19 инфекциясына тән белгілермен жатыр. Дәрігерлердің бақылауында 46 мектеп оқушысы және балабақшаларда кезекші сыныпқа барып жүрген 3 бала бар», – дейді министрліктің ресми өкілі.