Бахтияр Эркимбаев, саясаттанушы: Тұрақсыздық бұлай жалғаса берсе, басқарушы кланның реванш алу мүмкіндігі де арта түспек
Қырғызстанда парламент сайлауынан кейін басталған саяси толқу әлі басылмай тұр. Шерушілер Ақ үйді басып алып, елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев және тағы бірқатар саясаткерлер бостандыққа шыққаннан кейін елдегі саяси жағдай тіпті шиленісті. 8 қазан күні Жогаргу Кенештің құпия кездесу өткізіп, президент импичментін талқылағаны туралы ақпарат тарады. Осы орайда Kursiv тілшісі қырғызстандық саясаттанушы, зерттеуші Бахтияр Эркимбаевпен сұхбаттасты.
– Қырғызстандағы қазіргі саяси жағдайды қалай бағалайсыз? Ел тағдыры қалай шешілуі мүмкін?
– Жағдай өте күрделі. Дәл қазір Қырғызстанда халықтың басым бөлігі сенім артатын саяси күш немесе саяси фигура жоқ. Сондықтан революциялық кезеңнен кейінгі жағдайды реттей алатын нақты координация да жоқ. Тұрақсыздық бұлай жалғаса берсе басқарушы кланның реванш алатын мүмкіндігі де ұлғая түспек. Жағдайды жалғыз реттей алатын күш, бұл – қырғыз халқы, оның ішінде белсенді азаматтар тобы. Өткен революциялармен салыстырғанда шерушілер жақсы ұйымдасты. Қала тоналған жоқ. Еріктілер белсенді көмек көрсетуде. Дәл қазір алдағы жағдайдың қалай өрбитінін тап басып айту қиын. Қала өз өмірін сүріп жатыр. Халық өз сөзін айтты. Ендігі кезек саяси лидерлерде.
– Президент әлі халық алдына шыққан жоқ. Қайда екенін ешкім білмейді. Жогаргу Кенештің бірді-екілі депутаты президент импичменті туралы айтып қалды. Жалпы, импичмент жариялануы үшін тиісті кворум жиналуы мүмкін бе?
– Ол екі мәрте бейне үндеу жасады. Саяси күштермен келіссөзге дайын екенін айтып отыр. Меніңше, импичменттің жүзеге асуы екіталай. Депутаттардың көбі қорқады.
– Кешеден бері премьер-министрлікке талас қатты жүріп жатыр. Бір тарап Садыр Жапаровты қолдаса, енді бір тарап Тілек Тоқтоғазиевті ұсынған. Қайсы нұсқа жүзеге асуы мүмкін?
– Тоқтоғазиевті халық қолдай қоймайды. Бәрі оның премьер-министр бола алмайтынын жақсы түсініп отыр. Оған бірнеше себеп бар. Дәл қазіргі кезде қырғыз халқының ең басты мүддесі, талабы – тезірек жағдайды реттейтін уақытша құрылым жасақтау. Жапаровтың да үкімет басшысы болуы мүмкін емес. Қазір бірінші кезекте Жогаргу Кенешті шақыру керек. Оның отырысы тікелей эфирде көрсетіліп, жаңа премьер сол жерде сайлансын.
– Қалай болған күнде де 45 күн ішінде парламенттік сайлау қайтадан өтетіні жайлы хабарлануы тиіс қой.
– Иә, уақытша құрылым құрып, парламенттік сайлауды және Жиенбеков отставкаға кететін болса, жаңа президенттік сайлауды да жариялауы тиіс. Бұл бір күнде жүзеге асуы мүмкін. Президент қызметінен кетуі де, кетпеуі де мүмкін. Мұның бәрі саяси партия лидерлерімен жүргізілетін келіссөздерге байланысты. Ал қазіргі ситуация Жиенбековтың пайдасына жүріп жатыр. Егер осылай созыла берсе онда уақытша құрылым құрылмайды. Сөйтіп, жағдай да реттелмейді.
– Экс-президент Атамбаев бостандыққа шықты. Оның шығуы елдегі саяси жүйеге қалай әсер етуі мүмкін?
– Әсіресе, елдің солтүстігінде оны қолдаушы қалың топ бар. Саяси тұрғыда әрине, әсер ете алады. Бірінші кезекте, оның бостандыққа шығуы заңмен қаралып, реттелуі тиіс. Мүмкін, үй қамағына ауыстырылатын шығар. Оған қатысты қылмыстық іс әлі аяқталған жоқ.
– Елдегі хаос жағдайы шетелдік инвесторлардың келуіне үлкен кедергі болатын шығар?
– Иә, инвестициялық климатқа өте қатты залал келді. Экономика өте қиын жағдайда. Бюджетте ақша жоқ. Дәл қазір Қырғызстан қатаң үнемдеу режиміне көшуі тиіс.