Енді фермерлер ірі қара малын ауру мен қауіп-қатерден сақтандыра алады
Енді фермерлер ірі қара малын аурулардан және басқа да қауіп-қатерлерден сақтандыра алады. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Осы уақытқа дейін агроөнеркәсіп кешенінде малды мақсатты түрде сақтандыру болған жоқ. Иесі малын тек мүлік ретінде сақтандыра алатын. Егер, жоғалса немесе көлік қағып кеткен жағдайда ғана сақтандыру төленетін. Енді аурудан және басқа да қауіп-қатерлдерден сақтандыра алады.
Қазіргі эпизоотиялық жағдай ескеріліп, шетелдік қайта сақтандырушылармен бірге түрлі тәуекелдерді сақтандыру өнімдері әзірленді. Осы өнімдер арқылы фермерлер малды өз шаруашылығының аумағында және 5 км радиустағы көрші шаруашылықтардың аумағындағы аурулар мен басқа да тәуекелдерден сақтандыра алады. Тәуекелдер қатарына инфекциялық және аса қауіпті аурулар, өрт, үшінші тұлғалардың зиянды әрекеттері, қауіпті табиғи құбылыстар, сондай-ақ жазатайым оқиғалар – жарылыс, найзағай түсу, тұншығып өлу, жыртқыш аңдардың шабуылы, жылан немесе жәндіктердің шағуы, түрлі себептермен жарақаттануы және тағы басқалар кіреді.
«Қазір елімізде етті және сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Мыңдаған шаруа қожалықтары етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу үшін жеңілдетілген несиемен қаржыландырылуда. Мұндай жағдайда несие беруші ұйымдардың табан тірейтін қауіпсіздік тетігі болуы маңызды. Біз жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу фермерлерге тәуекелдерден қорғануға, жобаларды қаржыландыратын компанияларға салған қаражаттарын қорғауға мүмкіндік береді деп санаймыз», – дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма мүшесі – басқарушы директоры Асқар Қалиев.
Ірі қара малға қатысты тәуекелдер әлемдік нарықтағы «А» рейтингі бар Халықаралық қайта сақтандыру компанияларында сақтандырылады. Бұл сақтандыру жағдайы туындаған кезде фермерлерге кепілдендірілген төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шарт жасасу процесі, одан әрі фермер мен сақтандыру компаниясының және оператордың жұмысы WWW.QOLDAU.KZ электрондық платформасында жүргізіледі.
«Мал шаруашылығындағы сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды. Нақты айтқанда, сақтандыру шартын жасасқан соң сақтандыру сыйақы сомасының 50 %-н фермер, 50 %-н мемлекет төлейді. Бұл – малшылар үшін сақтандырудың қолжетімділігін арттыруға және жалпы сақтандыру саласын ынталандыруға бағытталған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді», – дейді Асқар Қалиев.
Сақтандырылатын малдың санына байланысты сақтандыру тарифі 1,54 %-дан 4,62 %-ға дейінгі аралықты қамтиды. Мысалы, фермер өз аумағында 30-дан 99 басқа дейін сақтандырғысы келсе, ол жалпы сақтандыру сомасының 2,31 %-н төлейді. Егер 100 бастан астам малын сақтандыратын болса, тариф 1,54% болады. Егер фермер малын 5 км радиустағы тәуекелдерден сақтандыратын болса, онда 30-99 басқа дейінгі тариф 4,62 %. Жүз және жүзден астам басқа жалпы сақтандыру сомасының 3,08 %-ын төлейді.
Платформаға тіркелу арқылы фермер сақтандыру компаниясы мен малды таңдайды (жүйе жануарларды сәйкестендіру базасымен біріктірілген), сақтандыру сыйақысының 50 %-н төлейді және электронды цифрлық қолтаңбаның көмегімен шартқа қол қояды. Сақтандыру компаниясы шартқа қол қойып, операторға субсидияны төлеу жөнінде өтінім жібереді. Оператор қалған 50 %-н төлегеннен кейін сақтандыру шарты күшіне енеді.
Сақтандыру жағдайы туындағанда фермер сақтандыру компаниясын және ветеринарлық, сондай-ақ басқа да осыған қатысы бар қызмет өкілдерін (полиция, әкімдік және т.б.) хабардар етуі тиіс, олар фактіні тіркеп, тиісті құжат береді.
Фермер растайтын қажетті құжаттар пакетін жинап, оларды электронды платформаға жүктейді және сақтандыру төлеміне өтініш береді. Тексеріліп, бәрі дұрыс екені анықталған соң фермер сақтандыру төлемін алады.
«ҚазАгро» Холдингінің еншілес компаниясы – Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры Агроөнеркәсіп кешенінің басым бағыттарын дамыту және халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру мақсатында шағын кәсіпкерлікті қаржыландырады.