Елімізде мақта бағасы бекітілді
1 және 2 сұрыпты шитті мақтаның сатып алу бағасы бір келісіне 130 теңгеден жоғары болып белгіленді. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстандағы мақта саласы негізінен экспортқа бағытталғандықтан, ондағы баға саясаты сыртқы нарықтағы өнімге сұраныс негізінде қалыптасады. Ағымдағы жылы қазақстандық мақта нарығында шетелдік компаниялардың белсенділігіне әлемдегі күрделі эпидемиологиялық жағдай мен Еуропадағы коронавирустың екінші толқынының таралуы әсер етті.
Сатып алу бағасын анықтау мәселесін реттеу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Сапаровтың төрағалығымен Түркістан облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы мен Қазақстандық мақта қауымдастығы және мақта өңдеу зауыттары басшыларының қатысуымен кеңес өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың 9 қазанында Қазақстандық мақта қауымдастығы мақта дайындаушылар және қайта өңдеушілердің жиналысын өткізді. Онда өнімдерді сатып алу бағасы – 1 және 2-ші сұрыпты мақтаның 1 келісі үшін кемінде 130 теңге болып бекітілді.