Биыл Ақтөбе облысында 20-дан астам автожол жобасы іске асады

Жарияланды
Жалпы ұзындығы 6921 шақырымды құрайды

Ақтөбе облысында 20-дан астам автожол жобасы іске асуда. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ақтөбе облысында республикалық және жергілікті маңызы бар автожол жобаларын жүзеге асыру жалғасуда. Биыл аталған өңірде жұмыстардың барлық түрімен 24 нысан қамтылып отыр. 

Мәселен, республикалық «Қандыағаш-Мақат» автомобиль жолын реконструкциялау қарқын алған. Бұдан бөлек, Ресеймен шекаралас «Самара-Шымкент» жолының 526-590 және 965-990 км учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Ақтөбе-Орск» автожолындағы «Әлімбет» өткізу бекетін жайластыру бойынша жоба-сметалық құжаттама жетілдірілуде.

 
Биыл өңірде жергілікті жүйені дамыту жұмыстары да қарқынды жүзеге асуда. Атап айтар болсақ, «Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма» жолының 21,5-35,3 км мен «Ақтөбе-Орск» автожолындағы 8-16 км учаскелерінде қайта жаңарту шаралары қолға алынған. Бұдан бөлек, жолшылар Бұлақ ауылына барар жолға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Күрделі жөндеумен «Шұбарқұдык-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автожолының 334-371,9 км және «Қобда-Мартық» автожолының 0-30 км учаскелері де қамтылған. 

Ауқымды жұмыстар облыстық және аудандық маңызды жолдарда да іске асуда. Оларға орташа жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы ретте бірқатар жоба бар. Бұлар: «Шалқар-Бозой-Өзбекстан шекарасы» 20-50км, «Қобда-Мартық» 30-52 км, «Покровка-Темір-Кенкияк-Эмба» 111-145 км, «Ойыл-Қараой» 0-75 км, «Светлый-Кұмкұдық-Жабасақ-Байжанкөл» 10-68 км, «Ақтөбе-Родниковка-Мартық» 42-93 км, «Бородиновка-Степное» 0-15 км, «Вознесеновка-Жаңажол-Мартық-Полтавка» 0-15 км. Орташа жөндеу Тассай, Тасөткел, Табантал, Құмқұдық, Көптоғай мен Шұбарши елдімекендеріне баратын жолдарға да жүргізілуде.

 
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6921 шақырымды құрайды. Олардың 1869-ы – республикалық, ал 5052-і – жергілікті маңызды автожолдар. 

Сондай-ақ оқыңыз