Армения. Беларусь. Қырғызстан. Тәжікстанда неліктен мұндай төңкеріс болмайды?

Жарияланды
Елде президент сайлауы өтті

11 қазан күні Тәжікстанда кезекті президент сайлауы өтіп, қазіргі президент Эмомали Рахмон 90 пайыздан астам дауыс жинап жеңіске жетті. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, ресми тіркеуге алынған 4,9 млн сайлаушы өз дауысын берген. 

Эмомали Рахмон 26 жылдан бері билік тізгінін ешкімге ұстатқан жоқ. Оның да президент лауазымынан бөлек, «ұлт лидері – бейбітшілік пен ұлтық бірліктің негізін салушы» деген атағы бар. Мемлекет басшысы 7 жылдан екі мерзімге қатар сайлана алады. Алайда бұл талаптың қазіргі президентке құзіреті жүрмейді. Рахмонның сайлауға қалауынша қатыса беруін заңдастыру үшін ел конституциясы екі мәрте өзгертілген. 

Соңғы жылдары посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердегі саяси додалардың соңы қайшылық пен бас көтерулерге ұласып жатыр. Тіпті билікті күшпен тартып алу жағдайы да кездесті. Бұл ретте Армения мысалын айқын келтіре аламыз. 

2018 жылы сәуір айында Арменияның экс-президенті (2008-2018) Серж Саргсян премьер-министр қызметіне ұсынылды. Ол 2015 жылы елде конституциялық референдум өткізіп, соның нәтижесінде елдегі негізгі билікті 2018 жылы үкімет басшысына беруді ойлаған. Яғни, мемлекетті әрі қарай өзі басқа лауазымда (премьер-министр) басқара беруді алдын ала ойластырған. Алайда қоғам бұл «тапқырлыққа» қатты наразылық танытты. Қазіргі премьер Никол Пашинян оппозиция лидеріне айналып, наразы жұртпен бірге бірнеше күн бойы көшеде тұрып, Серж Саргсянның биліктен кетуін талап етті. Саргсян өз билігін барынша сақтап қалуға тырысқанымен, күн санап негізгі күш оппозиция тарапына ауды. Оның Пашинянмен келіссөз жүргізіп, өз ырқына көндіруінен де еш нәтиже шыққан жоқ. Ақыры мамыр айының алғашқы аптасында Саргсян отставкаға өтініш берді. Армения парламентінің 59 депутаты Пашинян кандидатурасын қолдап (42 адам қарсы) дауыс берген. Елдегі саяси төңкеріс «Барқыт революциясы» атауымен тарихта қалды. 

9 тамыз күні Беларусь елінде өткен президент сайлауы мен оның әлі басыла қоймаған дау-дамайы көпшілікті әлі алаңдатып тұр. Мемлекетті тәуелсіздік алғалы бері басқарып келе жатқан Лукашенко бұл сайлауда да айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Оның басты қарсыласы Светлана Тихановская мен оның жақтастары сайлау әділетсіз өтті деп есептейді. Соның әсерінен Беларусь халқы бірнеше күн бойы шерулетіп, Лукашенконың өз еркімен биліктен кетуін талап етті. Шындығында көтеріліс осымен үшінші ай қатарынан әлі жалғасуда. Тихановская сайлаудан соң екі күннен кейін Литваға кетіп қалды. Кейінірек Лукашенко Тихановскаяның елден кетуіне өзі көмектескенін айтты. 

23 қыркүйек күні құпия түрде Лукашенконы ұлықтау рәсімі өткізілді. Көптеген Еуропа елдері Беларусь еліндегі сайлауды заңсыз деп танып, Лукашенконы легитимді президент деп мойындаудан бас тартты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белорусь әріптесін алғашқылардың бірі болып құттықтап, жаңа президенттік мерзімінде табысты болуын тіледі. 

Қырғызстандағы саяси толқу әлі жалғасып жатыр. Саяси түйткіл әлі шешімін тапқан жоқ. Ел үлкен саяси және экономикалық дағдарысқа тап болды. Көтеріліс елде парламент сайлауы нәтижесі жарияланған соң басталған. 4 қазан күні Жогорку Кенеш VII шақырылымы депутаттарын сайлау өтіп, 16 партия өз кандидаттарын ұсынған. Алдын ала дерек бойынша, 7 пайыздық межені «Биримдик» (басқарушы партия), «Мекеним Кыргызстан», «Кыргызстан» және «Бутун Кыргызстан» партиялары ғана бағындыра алған. 5 қазан күні шерушілер (жеңілген партия жақтастары) Ала-Тоо алаңына жиналып, Ақ үй мен МҰҚК ғимаратын басып алып, экс-президент Алмазбек Атамбаев пен экс үкімет басшысы Садыр Жапаровты түрмеден босатып алды. 6 қазан күні ОСК сайлау нәтижесінің жойылатынын мәлімдеді. 

Бірақ саяси толқу толас тапқан жоқ. Әртүрлі партиялар билікке талас жүргізуде. Бірер күн бұрын Садыр Жапаровтың премьер-министр лауазымына сайланғанын, тіпті оның алғашқы тағайындауларын жасай бастағаны да жария етілді. Алайда көптеген саясаткерлер мен сарапшылар оның билікке басып алу жолымен жеткенін, қызметке заңды түрде бармағанын айтуда. Ал 10 қазан тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген себеппен экс-президент Атамбаев қайтадан қамауға алынды. 9 қазан күні Атамбаев пен экс-премьер Бабановқа қарсы оқ атылып, премьерлікке үміткерлердің бірі болған жас саясаткер Тилек Токтогазиев ауыр жараланған. 

9 қазан күні ел президенті Сооронбай Жиенбеков Бішкекте төтенше жағдай режимін енгізді. Алайда президент толқулар басталғалы бері бірде-бір мәрте ел алдына шыққан жоқ. Соңғы уақытта оның мерзімінен бұрын биліктен кететіні туралы жиі айтыла бастады. Көптеген сарапшылар Қырғызстанды парламенттік және президенттік сайлау күтіп тұрғанын айтады. 

Тәжікстандағы сайлау нәтижесінің қандай боларын көпшілік алдын ала білді деуге болады. Себебі, өзге кандидаттарды саяси тұрғыда Рахмонға тең келеді деп айту қиын. Соған қарамастан елдің дүрлігіп көшеге шығуы екіталай. 

Тәжік саясаттанушысы Парвиз Мулложанов «Азаттыққа» берген сұхбатында осындай ойды меңзейді. 

«Соңғы жылдары Эмомали Рахмон билік иерархиясын күшейтті. 2014-2015 жылдары мұнай бағасы құлап, Ресейде валюта дағдарысы орнаған кезде еңбек нарығы да құлдырап, бұл тәжік мигранттары табысының төмендеуіне әкеліп соқты. Алайда тәжік үкіметі сол кезде жағдайды реттей алды. Алайда үкімет дағдарысқа қарсы бағдарлама ойластырмады. Еңбек мигранттары мәселесі де шешілмеген күйі қалды. Беларусь мен Қырғызстан шерулері өзге посткеңестік елдерге де әсер етеді. Мұны тәжік билігі де ескереді. Қатаң шаралар қабылдап, жұртты тырп еткізбей ұстауға тырысады»,- дейді ол. 

Вадим Козюлин «Коммерсант» басылымындағы мақаласында сайлау кезінде де, сайлаудан кейін де тәжік халқының тыныш болатынын айтқан.

«Республикада «тұрақтылық – басты жетістік» деген ұғым қалыптасқан. Бұл – президенттің басты жетістігі. 1992-1997 ауыр азаматтық соғысты бастан өткізген ел бейбітшілік пен татулықты басты ұлттық идеясына айналдырған. Өзге кандидаттардың сайлау алды бағдарламасынан саяси лозунгтарды мүлде байқамаймыз. Тек әлеуметтік-экономикалық мәселені қозғайды: кедейлік деңгейін төмендету, қолжетімді тұрғын үй, жол құрылысы, аграрлық реформа деген сияқты. Қазіргі президент 80 пайыздан асыра дауыс алуы мүмкін» деп жазады ол. 

Ал оппозиционер Алим Шерзамонов The Insider басылымына берген сұхбатында елде сайлаудан кейін дүрбелең күтпейтінін айтады. 

«Дәл қазір көтеріліс бола қояды деп күтпеймін. Армения, Беларусь және Қырғызстан нұсқалары Тәжікстанда жүзеге аспайды. Біздегі сайлау елдің наразылығын тудыратындай емес. Адамдар еріп кетуі мүмкін делінген кандидаттар саяси ойын басталмай жатып шығарылып тасталады. Тәжікстанда тек халыққа қарсы әлеуметтік-экономикалық мазмұндағы қатты реніш туғызатын оқыс жағдай орын алса ғана наразалық өрбуі мүмкін. Ал ондай жағдай ерте ме, кеш пе үкіметті құлатуға алып келеді және ол күн алыс та емес» дейді саясаткер. 

Парижде тұратын тәжік журналисі Темур Варки желідегі парақшасында «Тәжікстанның 28 жыл бойы сайлауды жылу мен электр жарығынсыз қарсы алып келе жатқанын, Рахмон билігі кезінде халықтың әбден кедейленгенін, халықтың бір бөлігінің экономикалық босқынға айналғанын» жазады. 

 

  
 

 
Сондай-ақ оқыңыз