Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 4,4 трлн теңгені құрады
Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров 2020 жылдың 9 айында АӨК дамуы туралы ақпарат берді. Бұл туралы Ауыл Шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5%-ға артып, 4,4 трлн теңгені құрады.
Өсім негізінен өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7%-ға (2,5 трлн теңге) ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Аталған кезеңде мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2,7%-ға артып, 1,9 трлн теңгені құрады.
Бұл ретте тірі салмақта ет өндіру көлемі 3,8%-ға, сүт өндіру көлемі 3%-дан астамға өсті.
Азық – түлік өндірісі 3,5%-ға – 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Сапархан Омаровтың айтуынша, өңделген күріш өндірісі 54,5%–ға (149,9 мың тоннаға дейін), шұжық өнімдері – 19,6%–ға (43,5 мың тоннаға дейін), сары май – 14,2%–ға (17,3 мың тоннаға дейін), құс еті – 11,4%-ға (78,9 мың тоннаға дейін), жарма – 10,9%-ға (66,9 мың тоннаға дейін), макарон өнімдері – 10,9%-ға (136,2 тонна), ұн – 7,4%-ға (2,4 млн тоннаға дейін), ашытылған сүт өнімдері – 5,2%-ға (165,9 мың тоннаға дейін) өсті.
«Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар 15,1%-ға артып, 380 млрд теңгеден асты. Азық-түлік өндірісі саласына инвестициялар 17,2%-ға артып, 65 млрд теңгеге жетті, – деп атап өтті Сапархан Омаров.