Әншілерден 42500 теңгені кімдер алды?

Жарияланды
Табыссыз қалды десек те, сонша мұқтаж болғаны ма?

Карантин енгізілгелі жеті айдан асты. Эстрада өкілдерінің үкімет берген жәрдемақыны алған-алмағаны туралы ақпарат арагідік жарық көріп тұрады. Бір тойда ән салғаны үшін қарапайым азаматтардың бір жылдық табысын қалтаға басатын өнер адамдарының ішінде жәрдемақыны алғандар да, қайтарып бергендер де, бермегені үшін қынжылып, үкіметке ренжіп жатқандар да бар. 

«Жұлдыздар жарқырайды» бағдарламасы біраз әншіге карантинде қалай жан бағып жатқаны туралы сауал тастаған. Жеңіс Ысқақова «Әншілер қалай күн көріп жатыр деп бәрі мысқылдады. Сіздер қалай күн көрсеңіздер біз де солай. Бастысы басымыз аман, отбасымыз аман. Шетелге шығып, жылдағыдай демалмасақ та, тоқырап қалған жоқпыз» деп жауап қатты. Ал Роза Рымбаева зейнетақымен күн көргенін жасырмайды. 

«Зейнетақыға қарап қалдық. Маған жәрдемақы берілмейді. Мәди студент болғандықтан алды. Әлиге берген жоқ», – деді Рымбаева. 

Бұдан білген тағы бір ақпаратымыз — жас әнші, Мәди Рымбаевтың жәрдемақы алғаны.
Көпшіліктің қызу талқысына түскен жағдай Мақпал Жүнісованың табысынан айырылып, күні қараң екенін жеткізген жанайқайы болып отыр. Оның айтуынша, жәрдемақыға өтініш білдірген, бірақ оған бермепті. «Мен өтініш бердім, бірақ бермеді. Менің көлік жүргізушім бар. Оған 100 мың теңге төлеймін. Квартирамның айлық төлемі — 130 мың теңге, оны берем. Бір әулет маған қарап отыр. Оның бәрі — ақша», – дейді халық әртісі. 
42500 теңге сұрауға ары жібермеген жұлдыздар да бар. Жазира Байырбекова 
«халықтың ақшасына таласуға ұятымыз жетпеді» деп отыр.

«Менің кішігірім сұлулық салоным бар. Аз да болса көмектесті. 42500 теңгені сұрауға ұятымыз жетпеді. Ол көп балалы отбасылардың өзіне жетпей жатыр», – деді әнші. 

Ал 42500 теңге алған әншілер арасында Қарақат Әбілдина, Бүркіт, Жігіттер тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов, Серікбол Сайлаубек, Дәурен Айдарқұлов бар. 

«42 500 теңге банк картама түсті, оған өзім де таң қалдым (күліп). Себебі оған құжат толтырып, «мен де алайын» деп құнттаған жоқ едім. Бірақ көмекшілерім жұмыс орным арқылы өтініш беріпті, оны өзім де білмедім. Солардың арқасы әрі Алланың балаларыма берген несібесі шығар, түсті. Ол үшін үкіметке рақмет!»,– деп ағынан жарылды көпбалалы ана, белгілі әнші Қарақат Әбілдина.

Жәрдемақы тағайындалып, банк картасына ақша түскендердің ішінде сазгер Сара Жүнісбек бар. Бірақ ол қайтарып бергенін айтып отыр. «Негізі 42500 теңге түсті, бірақ қайтарып бердім. Жұмыс орным жабылған жоқ, тұрақты табыс бар, соған шүкіршілік етемін! Ол ақшаға байланысты әзіл өлеңімді желіге де жариялаған болатынмын. 

Үкіметке қарайтын кез келді ғой,
Десек те министрің сөз берді ғой.
Айналайын 42500 теңге-ай,
Келуіңнен, кетуің тез болды ғой.
Ойпыр-ой, мың долларға тап болғандай,
Будақ-будақ ақшаға қап толғандай.
Өзімді сезіндім-ау баладайын, 
Кәмпит беріп, қайтадан ап қойғандай.
Білгенмін беріп қайта аларыңды,
Сеземін мұқтаж жанды табарыңды.
Хош, сәулем, енді қайтып көріспейміз,
Мәңгі есте сақтаймын жанарыңды (күліп).

Ал әнші жұп Мирас пен Құралай болса, өздеріне бұл жәрдемақының тиесілі емес екенін білгенін айтып отыр. «42500 теңге бізге берілмейді.Себебі, Мирас екеуміз мемлекеттік қызметтеміз. Айлығымыз бар» дейді олар. 

Сондай-ақ оқыңыз