12 аурухана салынып жатыр. Өңірлерге жаппай дәрі-дәрмек жіберілуде. Министрлік мәлімдемесі неге елдің үрейін туғызып отыр?

Жарияланды
ПТР-тест құны арзандайды

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқынына әзірлік бойынша бірқатар ақпаратты жария етті. Өңір-өңірде ауруханалар құрылысы жедел жүріп, дәріханалар дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіліп жатыр. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаяттың айтуынша, ведомство соңғы уақытта ауру қатты өршіген Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарындағы ахуалды қатаң бақылауға алған. Министрлік өкілінің айтуынша, аталған аймақтарда коронавирустың таралуына тест-зерттеулердің көптеп жүргізілуі, халық миграциясы және шекарадағы  барыс-келіс себеп. Жаздағы қателіктер қайталанбас үшін жақын арада ЕАЭС елдері және Өзбекстан Республикасымен автоөтпе жолдары арқылы өтетін жолаушыларды санитарлық-карантиндік бақылаудан өткізу шаралары күшеймек. 

Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясовтың айтуынша, ел аумағына өткен адамдар термометриядан, сауалнамадан өтеді және ПТР-тест анықтамасын ұсынады. Анықтама болмаған жағдайда, олар COVID-19 зертханалық тексеру жүргізу үшін карантин стационарында 2 тәулікке оқшауланады.

«2020 жылдың 6 қазанынан бастап еліміздің мемлекеттік шекарасын автомобиль өткізу пунктері арқылы 33 600 ел азаматы мен шетелдіктер, оның ішінде 10 051 жолаушы кесіп өтті. Сондай-ақ 3322-і карантин стационарынаа орналастырылды, оның ішінде 60 адамда ПТР-тест нәтижесі оң болды. Халықаралық әуе рейстерімен 14 832 жолаушы келді, оның ішінде 3051 тест тапсырған, 10 адамда тест нәтижесі оң екені анықталды»,– деді Қиясов.

Бас санитардың сөзіне қарап-ақ алдағы уақытта коронавирус індетін жұқтырушылар саны күрт өсетінін аңғаруға болатындай. Ал билік оны алдын-ала болжаған. Сол себепті, дәл қазір аймақтарда 12 модулді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы белсенді жүріп жатыр. Ведомство өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты санын да көбейту бойынша белсенді жұмыс жүргізгенін мәлімдеді. 

«Бүгінде инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 535 ӨЖЖ аппараты бар. Қосымша 2 030 данасы сатып алынады. 24 548 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, оның ішінде орталықтандырылған станциялар – 5 194, оттегі концентраторлары – 11 025, оттегі баллондары – 7 450, оттегі жастықшалары – 879. Сондай-ақ қызметті санитарлық автокөлікпен жабдықтау жұмыстары да жүргізілуде. Әкімдіктер 807 отандық санитарлық автокөлік сатып алуға шарт жасасты. Қазақстан зауыттарында 360 жедел жәрдем машинасы шығарылды, оның 150-і ел өңірлеріне жеткізілді. Тағы 210 данасы жеткізілмек. Жалпы, 15 қарашаға дейін 1 167 машина жеткізіледі»,– деді денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. 

Сонымен қатар 20 қазанға дейін 24 «Made in Kazakhstan» цифрлық рентген-аппараттары Қостанай, Ақтөбе және Түркістан облыстарына жеткізілмек. Шалғай ауылдар үшін 28 жылжымалы медициналық кешен әзірленген. 20 қазанға дейін 100-ден астам осындай кешен тиісті медициналық мекемелерге жіберіледі. 

Үкімет осы жолы жаздағыдай дәрі тапшылығына жол бермейтін сияқты. Министр баспасөз жиынында бұл мәселені пысықтап айтты. 

«Министрлік дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шаралар қабылдады. Бүкіл ел бойынша инфекциялық және провизорлық орталықтарда қор құрылды. Бірыңғай дистрибьютор 16 млрд теңгеден астам сомаға дәрілік заттардың 91 атауын жөнелткен. Жыл соңына дейін 1 млн адамға амбулаториялық жағдайда емделу үшін қосымша қызуды түсіретін препараттар мен антикоагулянттар қарастырылған. Осылайша, инфекциялық және провизорлық орталықтардың жүктемесі азайды. Covid-19 жеңіл түрлері амбулаториялық деңгейде емделді. Халықтың дәрі-дәрмек сатып алуға, мемлекеттің стационарлық емделуге жұмсайтын шығындары азайды. Тұрақтандыру қорларында 13 млрд теңгенің дәрілік қоры бар»,–деді Цой.

Осы жолы да індет жұқтырған медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау қарастырылып отыр. Қазірге дейін мұндай өтемақыны 6341 қызметкер алыпты. Оларға 77 млрд теңге төленген. Дәрігерлерді жыл соңына дейін ынталандыру мақсатында тағы 137 млрд теңге бөлінген. 

Министр ПТР-тест құнының арзандайтынын да атап өтті. Қазіргі кезде біздің зертханалар тәулігіне 48 мың ПТР-тест алуға қабілетті екен. 

Вакцинация мәселесі де шешімін тауып жатыр деді Цой. Ел бойынша вакцинациялауға жататындардың  саны шамамен – 2,8 млн. Бұл – бүкіл халықтың 15 пайызы. Олар үшін вакцинаның 5,6 млн дозасы қажет. Министрдің айтуынша, өз вакцинамыз да қажетке жарап қалады деген үміт бар. 
 

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерге ресми түрде жіберді. 17 қыркүйекте вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау мақсатында Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы базасында клиникалық зерттеулердің I фазасын жүргізуге рұқсат берілді. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері аяқталады, ал III кезең 2021 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады»,– деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар, елімізде тұмауға қарсы профилактикалық вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды. Екпе жасау науқаны «маусымдық инфекциялар мен коронавирус инфекциясының жаңа толқынын» азайту үшін ерте басталған. Ол үшін тұмауға қарсы вакциналардың 2,2 млн дозасы сатып алынған. Бұл жалпы халықтың 11 пайызын қамтуға мүмкіндік бермек. ДДСҰ ұсынған қамтудың ең төменгі шегі – 10 пайыз екен. Қазірге дейін тұмауға қарсы вакцинаны әлеуметтік осал топқа жататын 1,8 млн адам алып үлгерген. Вакцинациялау осы аптада толығымен аяқталмақ. 

Ведомство медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды деді. 

«Қазіргі кезде жұмыс істеп жатқан аурухана, емханаларда таза және лас бөлім аймақтары жасалды. Онда қалай жұмыс істеу қажет, санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді сақтау жолдары, жұмыс режимі, медицина қызметкерлерінің демалу уақыты қарастырылып, тиісті ережелер әзірленді. Медицина қызметкерлері осы ережелер бойынша жұмыс істеп жатыр»,– деді вице-министр.

14 қазандағы жағдай бойынша, елде 108 984 науқас тіркелген. Соңғы тәулікте Covid-19 жұқтырған 83 адам анықталған. 

Сондай-ақ оқыңыз