Қазақстан азаматы қайда жүрсе де, жеке басын куәландыратын құжаты қажет. Яғни олар — жеке куәлік пен паспорт. Құжатыңыз болмаса, еш жерде шаруаңыз бітпейді. Сол сияқты бір ғана жеке куәлік арқылы көп мәселені шешуге болады. Өйткені бұрынғыдай көп қағаз арқаламай, қазір бәрі сол бір жапырақ құжаттың ішіне сыйып кетті. Ендеше, жеке куәлік пен паспорт туралы ауқымды әрі түсінікті етіп айтып берейік. Қалай ауыстыруға болады, бағасы қанша, қандай мерзімге беріледі? Осы және өзге де сан сұраққа жауап береміз.
Жеке бас куәлігі мен паспорт 10 жыл мерзімге беріледі. Алғашқысын 16 жасқа толғандар алады. Ал паспортты әркім өз қалауына қарай жасатады. Ол ел аумағында да, одан тыс жерде де жарамды. Сол үшін шетелге шығарда паспорт алу міндеттеледі. Төлқұжат пен жеке куәлікті алу үшін тұрғылықты жеріңіз не уақытша тұрып жатқан орныңыз бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ (ХҚКО) жүгіну қажет.
Жеке куәлікті жоғалтып алса не істейді?
Бірінші кезекте, құжатсыз жүруге болмайтынын ескеріңіз. Себебі Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес (492 бап Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру), Қазақстан Республикасы азаматтарының күнтізбелік он күннен үш айға дейінгі мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен не тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұруы — ескерту жасауға, үш айдан астам мерзімде – 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Жоғалтып алсаңыз, сізге керегі:
1. Қай жерде жоғалтқаныңызды айтып, қалпына келтіру туралы жазбаша өтініш жазасыз;
2. Мемлекеттік баж төлейсіз.
3. Бар болса, төлқұжатты апарасыз.
Ұрлатып алсаңыз:
1. Құжатты ұрлау немесе ұрлау туралы арызды қабылдаған қылмыстық қудалау органының (аудандық полиция бөлімі) талон-хабарламасы;
2. Мемлекеттік баж төленгені туралы құжат;
3. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын (бар болса) апаруыңыз керек.
Осыдан кейін 15 жұмыс күні ішінде құжатыңыз дайын болады. Сонымен бірге жеделдетіп жасататын мүмкіндік бар. Елорда, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында 1 және 3 жұмыс күн, облыс орталықтарында 3 және 5 жұмыс күн, облыстардың аудандары мен қалалары үшін 7 жұмыс күнде дайын болады. Оған қосымша ақы төлеу қажет.
Құжаттарды алу үшін қанша төлейді?
2020 жылдың 1 сәуірінен бастап 1 АЕК мөлшері – 2 778 теңгеге тең. Яғни жеке куәлікті рәсімдеуге — 556 теңге, төлқұжат алу үшін 22 224 теңге төлеуіңіз керек.
Жеке куәлікті алуға уақтылы жүгінбегені үшін жауапкершілік
Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен немесе тұрғылықты жерінде тіркеусіз 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімде тұрған жағдайда — ескерту жасалып, аталмыш мерзім аяқталған соң азамат Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 492-бабының 2-тармағы бойынша 7 АЕК мөлшеріндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жылдың ішінде қайта жасалған осы сияқты бұзушылық үшін 13 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынады.
Мерзімі өткен паспорт үшін жауапкершілік белгіленген бе?
Елімізде паспорты азаматтарға олардың қалауы бойынша берілетіні айттық.
Осылайша, мерзімі өтіп кеткен паспортты ауыстыру/ауыстырмау мәселесін азамат өзі шешеді, әкімшілік заңнамада мерзімі өтіп кеткен паспорт үшін жауапкершілік көзделмеген. Бірақ, мерзімі өтуіне, сондай-ақ, айқындама деректерді өзгертуіне байланысты жаңа жеке куәлікті алған кезде жарамсыз паспорт болған жағдайда, оны міндетті түрде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына (ХҚКО) тапсыру қажет.
Баж төлемей, тегін алуға бола ма?
Салық кодексінің 622-бабына сәйкес, келесі санаттарға жататын азаматтар жеке куәлік, паспорт рәсімдеуде мемлекеттік баж төлеуден босатылады:
• Кеңес Одағының батыры, Социалистік Еңбек ері;
• үш дәрежелі Даңқ орденінің және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордені иелері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар;
• «Батыр Ана» атағы, «Алтын алқа», «Күмiс алқаға» ие көп балалы аналар;
• ҰОС ардагерлері, оларға теңестірілгендер және басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
• мүгедектер, сондай-ақ бала жасынан мүгедектің, мүгедек баланың ата-анасының бірі;
• қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұратын қарттар, балалар үйінде, интернатта тұратын, мемлекеттің толық қамсыздандыруындағы және жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
• Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.
Бұл жеңілдікке ие болу үшін жоғарыда аталған санаттарға жататын азаматтар жеке басын куәландыратын құжат пен бірге сәйкес санатқа жататынын растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Ал мүгедек баланың ата-анасы мынадай құжаттарды ұсынады:
• мүгедек баланың туу туралы куәлігі;
• ата-анасының бірінің жеке куәлігі;
• баланың мүгедектігі туралы анықтама.
Ескерту: құжаттарды ресімдеу кезде баланың болуы міндетті.
Паспорт және жеке куәлік 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Ал одан тезірек алу үшін жедел қызметке бөлек ақы төлеу қажет. Бұл ретте жеңілдікке ие азаматтар рәсімдеу ақысын емес, жеделдетілген қызмет ақысын ғана төлейді.