Қазақстанда жануарлардың аса қауіпті 45 ауру түрі бойынша жағдай тұрақты
ҚР Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Қазақстандағы ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік туралы айтты. Бұл туралы ҚР АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Сапархан Омаров 2020 жылы Қазақстанда тұрақты карантиндік фитосанитариялық ахуал сақталып отырғанын атап өтті. Егістік алқаптарына шегірткенің зиян келтірілуіне жол берілмеді, республика бойынша тікенекті алқа карантиндік арамшөптің таралу ошағы жойылды, америкалық ақ көбелектің, калифорниялық қалқаншалы сымырдың, жатаған у кекіренің таралу алаңы төмендеді. Осының арқасында отандық өсімдік шаруашылығы өнімінің экспорты шектелмеді.
Ауыл шарушылығы министрінің айтуынша, елімізде эпизоотиялық жағдай да тұрақты. Жануарлардың аса қауіпті ауруларының 45 түрі бойынша Қазақстан қолайлы мәртебеге ие. Осының арқасында 3 мыңға жуық қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері әлемнің 72 еліне мал шаруашылығы өнімінің 551 түрін кедергісіз экспорттай алады. Республика аумағында таралу қаупі жоғары жануарлардың аса қауіпті ауруларының басқа 23 түріне бойынша диагностика және вакцинация бағытында арнайы ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті қызметтері осы жылдың 9 айында жануарлар мен құстарды вакцинациялау бойынша 122,2 млн манипуляция жүргізді. Сонымен қатар, құтыру ауруының ошақтары көбейгені байқалады. 2005 жылдан бері республика аумағында болмаған құс тұмауы тіркелді.
«7 облыста құс өлімі тіркеліп, оның ішінде жоғары патогенді құс тұмауына шалдыққан деген күдік немесе расталған жағдайлар да бар. Жеке аулаларда 26,5 мың бас, 3 құс фабрикасында 847,4 мың құс қырылды. Осылайша, жоғарғы патогенді құс тұмауынан 873,9 мың бас қанаттылар өлген. Бұл республикадағы құстардың жалпы санының 1,9%-ын құрайды», – деп хабарлады министр.
Оның айтуынша, инфекцияның әрбір ошағында карантин жарияланып, құстар мен құс шаруашылығы өнімдерін алып келуге және алып кетуге тыйым салынды. Бұдан басқа, инфекция ошағын оқшаулау және жою бойынша шаралар жүргізіліп, республикалық қордан жабайы құстардың ұшып өту жолында мәжбүрлі түрде вакцинациялау үшін құс тұмауына қарсы вакцинасының қосымша 4,4 млн дозасы бөлінді.
«Бүгінде барлық жеті облыстың жеке аулаларында құс өлімі тоқтатылды, үш құс фабрикасында өлген құстардың саны азаюда, ауру құстарды жою және олардың иелеріне өтемақы төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде», – деп толықтырды Сапархан Омаров.
Тақырыпты жалғастыра отырып, министр ағымдағы жылы ҚР Президенті пен Премьер-министрдің қолдауымен республикада Ветеринариялық бақылау қызметі күшейтілгенін және Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан шекарасында 32 ветеринариялық және фитосанитариялық бақылау пункттері ұйымдастырылғанын, бұл қауіпсіз емес өнімді алып келуге бақылауды күшейтуге ықпал еткенін атап өтті.
«2020 жылдың басынан бері ветеринария саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 2,4 мың жеке және заңды тұлғаға 86,2 млн теңге айыппұл салынды. Карантинге жатқызылған өнімді импорттау кезінде өсімдіктер карантині саласында 3 мыңнан астам заң бұзушылық анықталып, 137 млн теңге айыппұл салынды. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5 есеге артық», – деді С.Омаров.
Ауыл шаруашылығы министрі республикадағы ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті жақсарту үшін бірқатар жүйелі мәселелерді шешу қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, құстар мен жануарлардың қауіпті ауруларының таралуна жол бермеу үшін «кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге» мораторий қолданысынан «профилактикалық ветеринариялық және фитосанитариялық» тексеру түрлерін шығару қажет.
Бұдан басқа, инфекцияның таралу ошақтарын жедел оқшаулау үшін әкімдіктердің карантинді енгізу туралы шешімдерін келісу және бекіту мерзімдерін 1 күнге дейін қысқарту қажет. Бүгінгі таңда бұл процедураға 15 күн кетеді екен