Ресурстар

Қоқыс шығару қымбаттады

Енді павлодарлықтар қоқыс шығаруға екі есе көп шығынданады

«Спецмашин» ЖШС тұрмыстық қалдықтарды шығару ақысын өсіру мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Тіпті, биыл ақпан айында жұмысшылар ауладағы контейнерлерді босатуға шығудан бас тартып, қала қоқыс құрсауында қалған еді. Сол кезде әкімдік монополист компанияның мұндай қадамға баруына тарифті 159 теңгеден 322 теңгеге дейін көтеру талабы себеп болыр отырғанын айтқан. Ал серіктестік өкілдері бұған қоқыс полигонындағы проблемалар себеп деп сылтауратқан.

Ал жазда Павлодар қалалық мәслихатының депутаттары тұрмыстық қалдық шығару бойынша көрсетілетін қызмет ақысын арттыру бастамасын құптап, тарифті екі есеге қымбаттату жөнінде шешім шығарды. Сөйтіп, осы айда Павлодар қаласының тұрғындары қоқыс үшін адам басына 322 теңге төлейтін болды. Яғни, бұған дейін бес адам тұратын отбасы «Спецмашин» серіктестігіне 795 теңге төлеп келсе, енді 1610 теңге береді. 

Монополист компания басшылығының айтуынша, тарифтің өсуі есебінен қоқысты іріктеу және өңдеу құралдары, жаңа техника сатып алынып, қызметкерлердің айлығы өседі. 
Тұрғындар қазіргі қаржылық қиындық кезінде мұндай қымбатшылық қалтаға салмақ салатынын айтып, әлеуметтік желілер арқылы наразылықтарын білдіре бастады. Содан кейін қызмет көрсетуші компания бірқатар әлеуметтік топ өкілдеріне жеңілдік жасайтын болды.

Нақтысын айтқанда, І, ІІ, ІІІ топ мүгедектері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар, төмен зейнетақы алатын және жалғыз тұратын зейнеткерлер, мемлекеттік, қоғамдық міндеттерді атқару кезінде қаза тапқан азаматтардың отбасылары жыл соңына дейін бұрынғы тарифке сәйкес 159 теңгеден төлейді. Ал жаңа жылдан соң ел қатарлы жан басына 322 теңге төлеуге тура келеді.