Ресурстар

3-4 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бізді қатаң локдаун күтіп тұр ма?

Тиісті мамандар жауап берді

Коронавирустің екінші толқынының күшеюіне байланысты Қазақстанда қатаң шектеулер қайта орнай бастады. Егер қоғамда тиісті талаптар сақталмайтын болса, онда қатаң локдаун қайта енгізілуі ықтимал. 

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жанна Прәлиеваның айтуынша, елордада кинотеатрлардың қайтадан ашылуы эпиджағдайға және кинозалдардың көрермен қауіпсіздігін қаншалықты қамтамасыз ете алуына тікелей байланысты. Бұл туралы қалалық әкімдіктің ресми сайтында жарияланған. 

«Коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау жөніндегі ведомствоаралық комиссия келушілердің 30 пайызын, арақашықтық пен маска тағу тәртібін сақтай отырып, кинотеатрлардың жұмысын қайта бастау туралы шешім қабылдады. Бұл аурушаңдық деңгейі бойынша «жасыл аймаққа» енетін аймақтарға қатысты. Нұр-Сұлтан «жасыл аймақта» енгеніне төртінші күн, сондықтан біз жағдайды 10-12 күн бойы бақылайтын боламыз. Егер бұл көрсеткіш сақталса, онда біз қаладағы кинотеатрлардың жұмысын бастаймыз. Осы уақытқа дейін дайындық жұмыстары жүргізілетін болады»,- дейді Жанна Пірәлиева.

Сондай-ақ елордалық кинотеатрлар пандемияда жұмыс істеуге дайын болу керек. Яғни, кинозалдарға арақашықтық белгілері, санитайзерлер орнатылуы, қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуі қажет. Кинотеатрларға кіре берісте келушілер мен қызметкерлер термометриядан өтуі, сонымен қатар көрермендер маска тағуы керек. Отырғыштарды адамдар көп жиналмайтындай етіп ұйымдастыру қажет.

Еске салайық, осыған дейін мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пандемия салдарынан қазақстандық кинотеатрлар 20 млрд теңге жоғалтты деп мәлімдеген. Сондай-ақ министрлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен, кино саласының мамандарымен кездесуді жағдайды талқылап, кинотеатрларды жыл соңына дейін қосымша құн салығынан, әлеуметтік салықтан, міндетті зейнетақы жарнасы және медициналық сақтандыру ақысынан босатқан. 

Ал Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин егер қойылған талаптарды сақтайтын болсақ, қатаң локдауннан құтыламыз дейді. 

«Коронавирус инфекциясы қазан айында Алматыда өсіп жатыр. Өткен күні 12 коронавирус, 4 пневмония дерегі тіркелді. Ауырғандардың тәуліктік өсімі 0,05 пайызға өскен. Қазір инфекцияның таралуы индексі – 1,06 болып тұр. Егер көрсеткіш 1-ден жоғары болса онда эпидемия өсіп жатыр деген сөз. Ал 1-ден төмен болса – көрсеткіш төмендеп жатыр, 1-ге тең болса – қалыпты деңгейде дегенді білдіреді»,- дейді Бекшин. 

Оның айтуынша, тұрғындар қауіпсіздік талаптарын сақтап, қонақ шақыратын жиын-тойдан тыйылып, қажеттілік болмаса қоғамдық көліктерге мінуден, шет мемлекеттерге ұшудан сақтануы керек. 

«Қазір шетелдерде жағдай ушығып жатыр. Екінші локдаунды енгізбес үшін қала билігі бар мүмкіндікті пайдалануда. Алайда көптеген нысандар тәуекел аймағында тұр. Олар негізінен жабық нысандар – бильярд, караоке деген сияқты, олардың ісіне тыйым салынған. Әсіресе, жастардың түнгі уақытта түнгі клуб, мейрамханаларға барудан тыйылғаны жөн болар еді. Егер осы талаптарды орындасақ онда локдаунға ілікпейміз»,- деді Бекшин. 

Бас санитардың айтуынша, 8-18 қазан аралығында мониторинг жүргізіліп, 363 нысанның тәртіп бұзғаны анықталып, 79 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ Бекшин қалада қоғамдық көліктердің уақытын 18:00-ге дейін шектеу дұрыс емес деп санайды. «Жұмыс күндері таңғы 7 мен 10 арасында, кешкі 17:00 мен 20:00 арасында қатты көлік кептелісі болады. Ал шектеу енгізу көшелер мен аялдамаларда адамдардың тығыз шоғырлануын тудырады» дейді ол. 

Алайда сарапшылар мен кәсіпкерлер алдыңғы карантиннен елдің онсыз да тұралап қалғанын, сондықтан тағы локдаун енгізудің қисынсыз екенін айтады. Жыл басымен салыстырғанда, елімізде жұмыссыздар саны 8 есеге өскен. Ал үкімет келер жылы мұнай баррелі 35 доллар болып, ЖІӨ 2,8 пайызға өседі деп болжаған. Бірақ сарапшылар бұл болжамның өзі бір-біріне қайшы келеді деп санайды. Яғни, мұнай бағасы 35 доллар болса, онда ел экономикасы тек мемлекеттік шығындар есебінен ғана өсім көрсетуі мүмкін. Ал мемлекеттік шығын Ұлттық қордан алынған қаражат есебінен қалыптасады. Шын мәнінде өсім қалыптастырдық дегенімізбен, қордағы қаржымызды азайта береміз. Бұл өзімізді алдаумен тең дейді олар. Алдын ала есептеу бойынша 2021 жылы республикалық бюджетке Ұлттық қордан 2,7 трлн, ал 2022 жылы 2,4 трлн, 2023 жылы 2,2 трлн теңге түспек. 

Экономист Айдар Әлібаев та карантин енгізілуін қолдамайды. 

«Жаз бізді құтқарып қалды. Күзде карантин орнаса онда жұмыссыздар саны 3-4 миллионға жетуі мүмкін. Ал бұл дегеніңіз елдегі еңбекке қабілетті адамдар санының тең жартысы деген сөз. Шағын және орта бизнестің де 50-60 пайызы жойылады. Бюджет табысы да 40-50 пайызға құлдырамақ. Ондай жағдайда мемлекет өзінің халық алдындағы әлеуметтік және басқа да міндеттемелерін орындай ала ма? Жағдай жақсы кездің өзінде ештеңе істей алмаған шенеуніктердің дағдарыс кезінде тығырықтан алып шығарына күмән көп»,- дейді экономист.  

Qaganat асханалар желісінің негізін салушысы әрі басшысы Шынар Бұғымбаева кез-келген карантин түріне дайынбыз дейді. 

«Біз барлық санитарлық талаптарды орындап, қызметкерлер мен қонақтарды қажетті материалдармен қамтамасыз етіп отырмыз. Қиын-қыстау кезеңге сақтап отырған қорымыз жоқ, өйткені табыстың бәрі дерлік операциялық шығындарға, салық төлеуге кетеді. Осы ретте ешкімнің бізді қосымша құн салығынан, басқа да салықтардан босатпағанын да айта кетейік»,- дейді Шынар Бұғымбаева Forbes басылымына берген сұхбатында. 

Оның сөзінше, қатаң карантин елдегі шағын және орта бизнесті біржолата жойып тынбақ. 

«Көптеген шағын және орта бизнес кәсіпорындары 19 наурызға дейінгі табыстарына әлі жете алмай жатыр. Өйткені бұл сала көп факторға тәуелді – азық-түлік бағасы, жұмыс күші, жалға алу құны, тағы да басқа. Сондықтан қазіргі жағдайда бізге – тәулік бойы емес, 50 адамға ғана қызмет көрсету керек деген талап жағдайында да кәсіпорындардың қалпына келуі қиынға соғады. Кей бизнес түрлеріне әлі күнге толық режимде жұмыс істеуге мүмкіндік берілген жоқ. Тағы да бір шектеу енгізу шағын және орта бизнесті біржола өлтіреді. Егер екі айлық карантинг енгізілген жағдайда кәсіпорындар қанша уақытта қалпына келуі мүмкін? Менің айтарым – біраз кәсіпорын қайта қалпына келе алмайды, сөйтіп біржола жабылып тынады. Бұл ретте біз Швециядан үлгі алып, кәсіпорындарды толықтай жаппауымыз керек. Вируспен бірге өмір сүруге үйренуіміз керек. Экономиканың тынысын тарылтпау қажет»,- дейді Шынар Бұғымбаева.