Ресурстар

Қазақстанда басшылықта әйелдердің үлесі артуы тиіс. Тоқаев ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында тағы қандай тың ұсыныстар айтты?

Солтүстікке көшкен отбасыларға төленетін жәрдемақы екі есе көбеймек

Бүгін, 22 қазан күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен онлайн форматта ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) кезекті отырысы өтіп, күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер қарастырылды. 

Президент тез арада Қазақстаннан шетелге кететін еңбек мигранттары мәселесін реттеу керек дейді. 

«Бұл өте өзекті мәселе. Жыл сайын мыңдаған отандасымыз шекара асады. Көбі біліктілікті қажет ететін жерде емес, қызмет көрсету секторларында жұмыс істеп жүр. Ол жерде еңбек қатынасы заңды түрде реттелмейді. Біраз елде қазақстандықтар заңсыз еңбек етіп жүр. Ал ондай жағдайда тіркеу, тұрмыстық мәселе бойынша қиындықтар туындайтыны белгілі. Қазір еңбек миграциясы жаһандық маңызға ие. Оны біржақты теріс құбылыс ретінде түсіндіруге болмайды. Бұл біліктілікті арттыру, жаңа дағдыларды игеру, өз бизнесіңді құру үшін бастапқы капиталды жинақтау, басқа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу сияқты жағымды жақтары бар көпқырлы процесс. Мемлекет еңбек миграциясында жүрген қазақстандықтардың потенциалын жүзеге асыруға бар күшін салады. Үкімет жағдайды саралап, тиісті ұсыныс жасауы керек» деді отырыста. 

Отырыста 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауы да сөз болды. 

«Алдағы сайлау мықты демократиялық институттар құрудағы маңызды кезең болады. Бұл жолы сайлау Конституциядағы мерзім бойынша өтеді. Барлық партияда дайындалатын уақыт жеткілікті болды. Партиялар жоғары деңгейдегі бәсекелестік көрсете алады деп ойлаймын. Біздің бір ғана мақсатымыз бар – халықтың жақсы тұрмысы және ортақ үйіміздің гүлденуі»,- деді мемлекет басшысы. 

ҰҚСК-ның тағы бір маңызды тақырыбы – экология мәселесі. Президент Қазақстанның әлемдік антирейтингте көш бастап келе жатқанын айтты. 

«Елімізде экологиялық проблемадан ада бірде бір өңір жоқ. Қазіргі жағдайды – бәрімізді бірігіп жұмыс істеуге жұмылдыратын дабыл деп санаймын. Қоғамда жаңа экологиялық мәдениет қалыптастыру үшін толық масштабтағы экологиялық ревизия жүруі керек. Сонымен қатар экологиялық туризмді, оның ішінде ерекше қорғаудағы аймақтарды белсенді түрде дамыту қажет. Бұл орайда мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді дамытудың бас жоспарларын көпшілікпен талқылаудың тұрақты тәжірибесін енгізу де өте маңызды»,- деді. 

Президент назар аударған тағы бір тақырып – адам саудасы жайында.  

«Адам саудасы жайлы халықаралық баяндамалар мен рейтингтерде Қазақстанның деңгейі нашар. Мен бұл проблеманы жолдауда да айттым. Енді уәкілетті органдардың шешімді және мінезді әрекеті керек. Қазақстан заңнамасын халықаралық стандартпен сәйкестендіріп, адам саудасымен байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алу мен ашудың тиімділігін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау қажет»,- деді Тоқаев. 

Сонымен қатар мемлекет басшысы солтүстік облыстарға көшкен отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшерін 70 АЕК-ке (185 570 теңге) дейін көбейту керек деді. Оның айтуынша, дәл қазір ел ішіндегі миграцияны арттыру жедел түрде іске асуы тиіс. 

«Алдымен қоныс аударушы отбасылар enbek.kz ақпараттық ресурсы арқылы мемлекеттің қолдауы жайлы ақпараттарды тікелей әрі тез алуы тиіс. Содан кейін көшуге қатысты процестер оңайлатылуы керек. Жақында жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысына бардым. Өңірде демографиялық өсім баяу, бірақ қоныс аударушыларды тарту бойынша жақсы көрсеткішке ие. Қоныс аударып келгендерге арналған тұрғын үйлер бой көтеруде. Оларға берілетін жәрдемақыны 35-тен 70 АЕК-ке көбейту бойынша үкіметке тиісті шешім қабылдауды тапсырамын». 

Сондай-ақ президент басшылық қызметтерде әйелдер санын арттыру бойынша да ұсыныс білдірді. 

«Мемлекеттің қатысы бар компаниялар басшылығындағы әйелдер үлесі өте төмен – 5-7 пайыз аралығында. Бұл көрсеткіш ел тұрғындарының тең жартысын құрайтын әйелдер қабілетін толық пайдалануға мүмкіндік бермейді. Кеңес мүшелері бұл мәселені жан-жақты пысықтады және мемлекет қатысатын басқару органдарындағы және компаниялардағы әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін ұлғайту үшін міндетті талаптар енгізу қажеттілігі туралы ұсыныс жасады. Бұл бастаманы кезең-кезеңімен жүзеге асыру керек деп ойлаймын. Басшылықта әйелдер санының артуы бизнес-саланы тартымды ете түседі және Қазақстанның халықаралық рейтингтегі позициясын көтереді»,- деді Тоқаев. 

Отырыс барысында айтылған маңызды мәлімдеме – саяси трансформация жайында болды. Тоқаев саяси өзгерістерді популистік акция емес деді. 

«Реформаның саяси мәні жоғары, өйткені ол Қазақстанды демократиялық және өркениетті мемлекет ретінде одан әрі дамытуға бағытталған. Саяси модернизация жалғаса береді. Қазақстанның модернизациясы жастардың мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған»,- деді. 

Тоқаевтың айтуынша, халық мемлекеттік саясаттағы өзгерістердің жемісін жақын арада көруі керек. 

«Пандемия мен әлемдегі күрделі жағдай туғызған дағдарыс кезінде еліміздің одан әрі қарқынды дамуы үшін жаңа көзқарастар мен тың серпіндер қажет.  Биылғы жолдауда мен барлық сұрақтарды ашық көтеріп, оларды шешудің нақты жолдарын ұсындым. Мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру идеясы жолдаудың негізгі мәселесі. Жалпы, мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың өзі – ауқымды міндет. Бұл барлық реформалардың қайнар көзі, қоғамды жаңғыртудың басты негізі десек артық айтқандық болмас. Осы мақсатта Стратегиялық жоспарлау және реформа агенттігі құрылды. Агенттік өз жұмысын бастады. Жүйені жоспарлау объективті диагностикасыз мүмкін емес. Осы мақсатта есеп және статистика функциялары жаңа Агенттікке берілді. Азаматтар мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерін алыс болашақта емес, жақын болашақта көруі және сезінуі керек»,- деп қорытты сөзін мемлекет басшысы.