«Қазақтелеком» талшықты-оптикалық байланыс желілерін іске қосып жатыр
«Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысын аяқтаған сегізінші өңірі – Қостанай облысы. Бұған дейін жоба Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Қызылорда және Павлодар облыстарында өз межесіне жеткен. Жалпы алғанда, еліміздің 14 өңіріндегі ауылдық елді мекендерді интернетпен қамтамасыз ететін ТОБЖ жобасының құрылысы бүкіл ел бойынша жоспарланған көлемнің 90% астамы аяқталды. Бұл туралы «Қазақтелеком» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі мәлімдеді.
Қостанай облысындағы талшықты-оптикалық байланыс желісінің жалпы ұзындығы 937 шақырымды құрады, қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен әлеуметтік нысандарды жоғары жылдамдықты интернет пен байланысқа қосу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста 39 ауылдық елді мекендегі 131 бюджеттік ұйым кең жолақты интернетке қосылады.
«Қостанай облысында талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысының аяқталуы ауыл тұрғындары мен шалғайдағы және жетуі қиын елді мекендердің тұрғындарына телекоммуникация қызметтерінің барлық мүмкіндіктерін: интернет, теледидар, телефония, бейнебақылау қызметтерін және т.б. пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «оптикаға» қосылу нүктелерінің пайда болуы «250+» жобасы аясында ауылдық жерлерде 3G / 4G ұялы байланысының мобильді желілерін дамытуға мүмкіндік береді. Бұл екі жоба облыстың барлық ауылдарында байланысты толықтай жаңартуға негіз болады», – деді «Қазақтелеком» АҚ Солтүстік ӨТД бас директоры Ерсайын Дюсемалиев.
Енді Қостанай облысының ауыл тұрғындары қаладан шықпай-ақ, «Электрондық үкіметтің» барлық мүмкіндіктерін онлайн режимінде түрлі мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесе отырып пайдалана алады. Сапалы интернеттің пайда болуы аймақтағы мектеп оқушыларына қашықтықтан білім беру мәселесін шешуге де мүмкіндік берді.
«Көктемде оқушыларды қашықтан оқытуға көшкен кезде, біз бірінші кезекте Интернеттің төмен жылдамдығына байланысты бірқатар күрделі мәселелерге тап болдық. Ауылдық тұрғындар білім берудің осы форматына байланысты қиындықтарға кезікті, өйткені көптеген білім беру қорларын ашу қиын болды. Бақытымызға орай, қазір біздің мектепте жылдамдығы жоғары Интернет бар, веб-сайттар мен түрлі платформалар бірден ашылады, бұл мұғалімдерге сабақ өткізуге және сабаққа тиімді әрі сапалы дайындалуға мүмкіндік береді », – дейді Ашутасты ауылының орта мектебінің директоры Шотбай Жүсіпбеков.
Жоба нәтижесінде осы жылдың аяғына қарай республикадағы жаңа талшықты-оптикалық байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 14 514 км құрайды, соның арқасында 828 ауылда 2 496 мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік ұйымдар жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Қазіргі уақытта жобаның 90% -дан астамы жүзеге асырылды – ол іске асырыла бастағаннан бері қазірдің өзінде 12 мың 679 шақырым талшықты-оптикалық желі салынды, нәтижесінде 728 елді мекенде 2188 мемлекеттік орган жоғары жылдамдықты Интернетке қосылды.
«Жүздеген адамдардың күш-жігерімен біз еліміздің ауылдық жерлерінее «оптика» салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруды аяқтауға жақынбыз. Сонымен, қазан айының басында Қазақстанда 739 мектеп, 471 әкімдік және 893 басқа мемлекеттік мекемелер жоғары жылдамдықты интернетке қосылды. Әрине, пандемия мен карантиндік шаралар біздің жоспарларымызға әсерін тигізді, бірақ бұған қарамастан, еңсерілген жұмыс қомақты. Жоспарланған 828 ауылдың ішінен біз 728 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарттық. Бүгінгі күні ТОБЖ құрылысы 100-ге жуық ауылда жалғасуда. Жыл соңына дейін жоба толықтай аяқталады», – деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.
Компания басшысы ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс желілерімен қамту бағдарламасы инфрақұрылымға қомақты қаражат салуды қажет ететін, инвестицияны көп қажет ететін жоба екенін айтты. Алайда, бұл шығындар абоненттік базаның кеңеюімен және байланыс операторы ұсынатын қызметтер көлемінің ұлғаюымен қатар қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтықты жою арқылы ақталады.
«Ең бастысы, жоба ауыл тұрғындарының жалпы өмір сүру деңгейін жақсартуға үлес қосады және шалғай аудандарға цифрлық қызметтерді пайдалануға жағдай жасай отырып, маңызды әлеуметтік мәселені шешеді. Сонымен қатар, салынған инфрақұрылым нарықтың басқа қатысушыларына, мысалы, жаңа аймақішілік желілерді құру және олардың көмегімен ауыл тұрғындарына телекоммуникация қызметтерінің барлық спектрін ұсыну бойынша ұялы байланыс операторларына қызмет көрсету үшін пайдаланылады», – деді Қуанышбек Есекеев.
Оптикалық-талшықты байланыс желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін, «Қазақтелеком» 2032 жылға дейін 14 жыл ішінде 10-нан 20 Мб дейінгі өткізу қабілеттілігімен осы желіге қызмет көрсететін болады, бұл 891 ауылдық мектептер мен 709 ауруханаларды кең жолақты қол жетімділікпен қамтамасыз етеді.
Жалпы, еліміздің барлық аймақтарында талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу 2031 жылға қарай ЖІӨ-нің 2% дейін біртіндеп өсуін қамтамасыз етеді (2018 ж. – 0,1%, 2020 ж. – 0,3%, 2025 ж. – 0,8%, 2030 ж. – 1,8%, 2031 – 2%). Сондай-ақ, Интернетке қосылу мүмкіндігі бар халықтың үлесін 2022 жылға дейін 88% -ға дейін және сол мерзімге электронды түрде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің үлесін 80% -ға дейін арттыру жоспарланған. Халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 2022 жылға қарай ауылдарда жоғары жылдамдықты Интернетпен қамтуды ұлғайтудың арқасында 83% -ға дейін артады, ал 2022 жылға қарай республикада тұрмыстық ортаға кең жолақты Интернетке қол жеткізу қызметтерінің ену деңгейі 83% -ға дейін өсуі керек.