Ел үкіметі таратылған банктердің депозитінде жатқан, иелері сұрау салмаған қаржыны пайдаға жаратудың жолын тапты. 2021 жылдың сәуірінен бастап, жабылған банкте сұраусыз қалған қаржы ерікті зейнетақы жарнасы ретінде БЖЗҚ салымшыларының шотына аударылады.
Бұндай түзету «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген. Қазіргі кезде құжатты парламент мәжілісі қарап жатыр.
Бұған дейін «Курсив» таратылған «Астана Банкі» АҚ-ның салымшылары депозиттеріндегі аз-маз ақшасын алу үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына баруға асықпай жүргенін жазып еді. Қаңтар айында иесіне қажетсіз депозиттердің 95 пайызында 5 мыңға жетер-жетпес ақша жатқан еді. Соның ішінде 80 пайызындағы ақша мың теңгенің айналасында болған. Осындай депозиттері бар салымшылар саны 200 мыңнан асқан, ал олардың депозиттерінде 165 млн теңгеге жуық қаржы жатқан.
Қазақстандықтар бюрократиялық кедергілерден қашып, аз-маз жинақтарын алуға құлықсыз. Кепілдендірілген соманы алу үшін агент-банкке барып, өз қолымен арыз жазуы тиіс. Енді заң жобасының авторлары бұл депозиттердегі ақшаны алуға ҚДКБҚ-ның сайты арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып отыр. Егер жабылған банк салымшысы төлем басталған соң бір жыл ішінде өтініш бермесе, онда бұл ақша оның БЖЗҚ-дағы жеке шотына аударылатын болады. Бұл түзету келер жылдың сәуірінен өз күшіне енуі мүмкін.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының дерегі бойынша, 2006-2018 жылдары жабылған банктердің салымшылары өздеріне тиесілі 1,1 млрд теңгені алмаған. Бұлардың ішінде «Валют Транзит Банк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ және басқалары бар.
Айта кетейік, елімізде жеке тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің депозиттері сақтандырылған. Егер банк лицензиясынан айырылса, депозиттерге кепілдік беру қоры осы банк салымшылары алдындағы міндеттемені өз мойнына алып, қаржысын қайтарады.
Кепілдендірілген сома депозит түрі мен валютасына байланысты. Шетел валютасындағы депозиттер үшін кепілдендірілген сома – 5 млн, теңгемен сақталған депозиттер үшін – 10 млн теңге, сонымен қатар теңгедегі жинақ салымдар үшін 15 млн теңгені құрайды.