Министрлік «Әліппенің» мектеп бағдарламасына қашан енгізілетінін айтты
Білім және ғылым министрлігі қайта оралған «Әліппе» оқулығының оқу процесіне қашаннан бастап енгізілетінін айтты. Бұл туралы министрлік өкілдері орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, мектептерге «Әліппе» оқулығы 2021-2022 оқу жылынан бастап енгізілмек. Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр екен. Министрлік өкілінің сөзінше, ведомство апробация өткізетін пилоттық мектептердің тізбесін бекіткен. Оқулық әзірлеудің барлық кезеңдеріне байланысты толық сараптама жасалған.
«Әліппенің» мазмұны Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне негізделген. Жұмыс тобындағы барлық мұғалім, ғалымдар тарапынан толық қолдау тапты. Өйткені, бұл жүйе оқушылардың оқу біліміне қатысты нағыз талаптарды қарай білетін, оның ішінде әріптердің, дыыстардың реттілігі, оны қолдану жиілігі ескеріліп пайдаланылатыны көрсетілді. Қазіргі заманғы педагогиканың нақты талаптары ескеріліп, осы оқу бағдарламасының негізі жасалды»,– деді вице-министр.
Спикердің айтуынша, «Әліппені» оқыту үш кезең арқылы жүзеге асады. Біріншісі, «Әліппеге дейінгі кезең», екіншісі, «Әліппе» кезеңі» және «Әліппеден» кейінгі кезең». Осы екі кезең «Әліппе» оқулығымен іске асырылады, ал «Әліппеден кейінгі кезең» мектептерде «Ана тілі» оқулығымен оқытылмақ.
Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанованың айтуынша, «Әліппені» жасау барысында баланың тілдік ерекшеліктері, қазіргі қазақ баласы ең жиі қолданатын сөздер ескерілген.
«Әліппеде» қай әріпті бірінші, қай әріпті кейін үйретеміз деген мәселелер барынша объективті түрде қаралды. Әріптердің ретін анықтау кезінде оның А.Байтұрсыновтың «Әліпбиіндегі» әріптер ретіне біршама ұқсас болып шықты. Яғни, қазақ тілінің заңдылығы бойынша әріптердің реті қазіргі «Әліппеде» де әзірленді. Тіл білімі институты қазақ әріптерінің қазіргі заманауи мәтіндердегі жиілігін анықтау мақсатында жұмыстар атқарды. Нәтижесінде «Қазақ әріптерінің жиілік сөздігі» әзірленді. Сөздіктің негізінде қазақ мәтіндерінде жиі кездесетін әріптердің және әріп тіркестерінің реті көрсетілді. Біз анықтаған әріптер жиілігі қазіргі қазақ мәтіндерінен алып отыр. Яғни, бала өмірінде күнделікті кездесетін мәтіндерден ғана емес, жалпы 5 стильдегі мәтіндерден алынып отыр. Яғни мұндай жағдайда лингвистикалық білімдерге түзету қажет болды. Біз оны жасадық», – деді Фазылжанова.
Баспасөз жиынына қатысқан Абай атындағы ҚазҰПУ Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Азия Жұмабаева жаңа оқу бағдарламасында Байтұрсынұлының дыбыспен жаттығу ұстанымы негізге алынған деді.
«Ахмет Байтұрсынұлы балаларға әріпті көрсетпес бұрын, дыбыспен жаттықтыру керек дейді. Себебі, оқуға келген балалар сөйлей білгенімен, сөздің дыбыстан тұратынын білмейді. Дыбыстың тізілімін білмейді. Дыбысты білмей тұрып, сөздің ішіндегі дыбыстарды тізбей тұрып, оқу жазуға үйрену қиын. Басты қағида – оқушыға материалды және жұмысты шағымдап беру, мақсатқа қарай түзеп отыру. Жаңа «Әліппе» оқу бағдарламасының құрылымдық, мазмұндық болмысын анықтайды»,- дейді маман.
Сонымен қатар «Әліппені» әзірлеу кезеңінде орыс тілді жұмыс тобында да жұмыстар қатар атқарылған. Вице-министр Шолпан Қаринова мазмұны жағынан оқулықтар арасында айырмашылық жоқ дейді.
«Бізде қазақ тілінде оқытатын, орыс тілінде оқытатын мектептер бар. Сондықтан «Әліппе» мен «Букварь» бірыңғай оқулықтар. Жұмыс топтары жүргізген жұмыс осы екі оқулықты, ең алдымен, мазмұндық жағынан үйлестіруге бағытталған. Оқулықтардың мазмұны бойынша Қазақстан біздің ортақ отанымыз екені айтылып, қазіргі заманғы өмір шындығын қамтуға тиіс. Сондықтан «Әліппе» мен «Букварь» бір бағытта жүреді. Сондай-ақ, «Әліппе» мен «Букварь» әріптері мен дыбыстарының реті, ең алдымен, буындар, сөз тіркестерінде және т.б. дыбыстар мен әріптерді қолдану жиілігі ескерілетін болады. Бұл қағида екі оқулықты да әзірлеуге тиіс. Белгіленген кезеңдер екі оқулықта да бірдей: бұл «әліппе кезеңіне дейін», «әліппе кезеңі» және «әліппе кезеңінен кейін»,- деп түсіндірді вице-министр.
Осылайша, екінші жартыжылдықта «Әліппеден» кейін балалар «сауаттылыққа оқыту» оқулығы бойынша оқуын жалғастырмақ. Практик-ғалымдар жұмыс топтарының отырыстары мен көптеген талқылаулар барысында осындай ортақ пікірге келіпті.