Jýsan Bank сатып алуға ниеттеніп отырған АТФБанк акционерлерінің құрамы өзгерді. Ғалымжан Есенов енді банктің 10 пайыз және одан да көп акциясын иеленеді. Бұл жөніндегі ақпарат Қазақстан қор биржасының сайтында 2 қараша күні жарияланған. Ал акционерлер құрамы 28 қазан күні өзгерген.
Қазақстан қор биржасында 2020 жылдың 1 қазанында жарияланған мәлімет бойынша, банктің 99,7 пайыз акциясын KNG Finance ЖШС иеленген. Бұл серіктестіктің жалғыз құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов.
KASE-де 2 қараша күні жариялаған мәліметке сүйенсек, KNG Finance банктің 10 пайыздан артық акциясын иеленетін акционерлер қатарынан шыққан. Сол уақытта Есенов жеке тұлға ретінде осы тізімге енген.
Дәл сол күні Jýsan Bank АТФБанк акцияларының 99,76 пайызын сатып алу туралы келісімге келгенін жариялайды.
Қол қойылған келісім шеңберінде тараптар 2020 жылдың қараша айында АТФБанк акцияларын сатып алу-сату шартын жасасуға ниетті. Сатып алу-сату шартын жасасқан соң, сондай-ақ ҚР қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігі оны мақұлдағаннан кейін, АТФБанктің акционері Jýsan Bank қосымша эмиссиясының шеңберінде Jýsan банктің акцияларының бір бөлігін сатып алады.
Сонымен қатар, сатып алу-сату келісім шарты жасалғаннан кейін, екі банк біртұтас стратегия шеңберінде бірыңғай форматта жұмыс істейді деп болжануда.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктер арасында қол жеткізілген келісімді қолдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар банктердің бизнес-модельдерінің бірігуі банк секторының тұрақтылығына және екі банктің қаржылық және технологиялық басымдықтарын пайдалану есебінен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға ықпал ететін болады деп есептейді.
Jýsan Bank – First Heartland Securities инвестициялық компаниясының еншілес ұйымы болып табылады. Jýsan Bank, дәстүрлі банктік сервистердің кең желісінен басқа, Jýsan қаржы тобы компанияларының өнімдері мен қызметтерін: Jýsan Invest брокерлік қызметтерін және Jýsan Garant сақтандыру қызметтерін біріктіретін өз экожүйесін дамытуда.
Ал АТФБанк Қазақстанның ең ірі банктерінің қатарына кіреді. Өзінің 25 жылдық тарихында АТФБанк бүкіл Қазақстан бойынша Private Banking клиенттері мен корпоративтік секторға арналған банк қызметтерінің толық спектрін көрсетеді.
Жыл басында Ұлттық Банк елдегі 14 ірі банк активтерінің сапасын бағалап, солардың ішінде 4 банк қосымша резервке мұқтаж деген қорытындыға келген еді. Бұлар: Нұрбанк (73 млрд теңге), Еуразиялы банк (44,9 млрд), АТФБанк (44,1 млрд) және Банк ЦентрКредит (26,4 млрд).
12 наурыз күні S&P Global Ratings агенттігі АТФБанктің кредит рейтингін В-/В деңгейінде, «тұрақты» деп растаған болатын.
«Рейтингті растаған себебіміз, банк иелері, Ұлттық Банк пен қаржылық бақылау агенттігі жариялаған қолдау шаралары AQR нәтижесінде анықталған банктің проблемалық кредиттерін қосымша резервтеу қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті деп есептейміз», – делінген агенттіктің есебінде.